Алматы облысы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын Ұлттық құрамадағы көкпаршыларды додаға шығарып салды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Биыл Қырғызстанда өтетін Көшпенділер ойынында ел намысын қорғайтын шабандоздар Алматы облысының Жамбыл ауданына шынығып, бүгінде сайысқа сақадай дайын. Мұндағы «Көкбастау» ипподромы атты сайысқа баптауға өте қолайлы. Бүгін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ипподромға арнайы барып, оның қазіргі жағдайымен, даму жоспарымен танысты. Сондай-ақ спортшылармен жүздесіп, алдағы дүниежүзілік додаға сәттілік тіледі, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бүгінде Алматы облысында ұлттық спорт қарқынды дамып келеді. Соңғы төрт жылда бірінші нөмірдегі спортшылар саны 150-ден 837-ге өсті. Жақын күндері басталатын VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Алматы облысының 14 спортшысы бар. Оның бесеуі көкпар спорты бойынша сынға түседі. Сондай-ақ бәйгеге қатысатын тоғыз шабандоз бен ат дерлік Алматы облысынан жасақталған.

Көкпаршылармен кездескен аймақ басшысы спортшылардың сапарына сәттілік тілеп, елге жүлдемен оралуларына сенім білдірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуында көшпенділердің бірегей мәдениеті мен құндылықтарын сақтап, осы баға жетпес мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу ортақ міндет екенін атап өткен болатын.

Ұлттық спортты дамыту – атадан балаға жалғасқан дәстүрді сақтап, оны жаңа буынға жеткізудің бір жолы. Бұл додада сіздерге елдің артып отырған сенімі зор. Ат үстінде бабадан қалған өнерді жалғастырып, көкпардың абыройын асқақтатып жүргендеріңіз – өз алдына үлкен мәртебе. Сіздердің жеңістеріңіз – барша қазақстандықтардың қуанышы. Еліміздің Көк байрағын биікте желбіретіп, елге жақсы жаңалықпен ораласыздар деп сенемін, – деді Марат Елеусізұлы.

Облыс әкімі сондай-ақ «Көкбастау» ипподромын аралап көріп, оны әрі қарай дамыту жобасымен танысты. Жоспарға сәйкес, «Көкбастау» ұлттық ойындарды, оның ішінде ат спортын дамытуға, ауқымды жарыстар өткізуге және тұрғындардың сапалы демалысына арналған заманауи спорттық-мәдени кешенге айналады. Алдағы уақытта ат сайысына қажет кең шеңберлі алаң, көрерменге арналған трибуналар, төрешілер аймағы, заманауи ат қоралар мен аттарды дайындау, күтіп-бағуға арналған қосалқы нысандар салынбақ. Сондай-ақ жаттығу алаңдары, демалыс орындары, жаяу жүргіншілер жолы, автотұрақ та қарастырылған.

Марат Елеусізұлы инвесторлармен бірлесіп, ең алдымен турист тартуға қажетті барлық инфрақұрылымды жасауды тапсырды. Нысанның Алматы қаласына жақын орналасқанын әрі табиғатының өте қолайлы екенін атап өтіп, бұл аумақты спорт пен туризмді тоғыстырған орталыққа айналдыру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар аймақ басшысы кешен аумағында жастар мен балаларға арналған арнайы мектеп ашу идеясын ұсынды.

– «Көкбастау» қазірдің өзінде ұлттық спортты дамытуға арналған жақсы орталыққа айналған. Енді соны ары қарай жүйелі түрде жетілдіру қажет. Нысанның орналасқан жері де өте ыңғайлы, табиғаты да тамаша. Ең алдымен инфрақұрылымды дамытып, қонақтарға жайлы жағдай туғызу керек. Соның арқасында туристер саны да артады әрі ұлттық ойындарымызды кеңінен насихаттаймыз, – деді Марат Сұлтанғазиев.

Айта кетейік, биылғы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамыз – 6 қыркүйек аралығында Қырғызстан Республикасында өтеді. Ойынның ашылу салтанаты Бішкек қаласында, ал негізгі спорттық жарыстар Ыстықкөл облысының Чолпон-Ата қаласы мен Қырчын шатқалы аумағында ұйымдастырылады. Ал 2024 жылы Астана қаласында болған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 89 елден 2 430 спортшы қатысқан. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1278179?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді