
Ақмола облысында салауатты өмір салтын насихаттау және жастар денсаулық орталықтарының қызметін дамыту мәселелері талқыланды. Жиынға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Амренова, Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы басқарма төрағасының кеңесшісі Шолпан Қаржаубаева, Денсаулықты алдын алу және нығайту орталығының басшысы Валентина Тарасова, сондай-ақ мүдделі ведомстволардың басшылары қатысты.
Кездесуде жасөспірімдер мен жастарға арналған жастар денсаулық орталықтарын дамытуға және олардың қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударылды.
Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының өкілдері Көкшетау қаласындағы қалалық емхана, «Панацея» клиникасы және «Viamedis» ЖШС жанындағы жастар денсаулық орталықтарының, Көкшетау қаласының көпбейінді ауруханасы мен Техникалық мектеп-лицейдің жұмысымен танысты.
Жастар денсаулық орталықтары 10 жастан 35 жасқа дейінгі балалар мен жастарға кешенді консультативтік-профилактикалық көмек көрсетеді. Негізгі бағыттарға репродуктивтік денсаулық, жыныстық тәрбие, темекі шегудің алдын алу, психологиялық қолдау және салауатты өмір салтын қалыптастыру жатады.
Орталықтарда гинеколог, психолог, дерматолог, педиатр, терапевт және басқа да мамандар қызмет көрсетеді. Сонымен қатар жаттығу залы, психологиялық жеңілдеу бөлмесі және ультрадыбыстық зерттеу кабинеті жұмыс істейді.
Жасөспірімдер мамандарға өз бетінше жүгіне алады, ал балалар орталыққа ата-аналарымен бірге келеді. Жалпы екі орталық шамамен 50 мың пациентті қамтиды.
«Панацея» клиникасы жанындағы орталық білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарын қоса алғанда, 16 білім беру ұйымы жұмысқа тартылған. Орталық мамандары оқушылар мен ата-аналармен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, салауатты өмір салтын насихаттау және қауіп факторларының алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарына барып тұрады.
Сондай-ақ «Саламатты мектеп» жобасын іске асыру, FAST Heroes пилоттық жобасын енгізу және «Салауатты жұмыс орындары» бастамасын кеңейту мәселелері жеке талқыланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1277827?lang=ru

Жауап қалдыру