
20 тамыз күні Уәлиханов аудандық мәслихатының кезекті сессиясы өтті. Сессияның басты мәселесі – аудан әкімі Мұрат Абдуловтың 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы атқарылған жұмыстар туралы есебі болды. Сессия жұмысына мәслихат депутаттарымен қатар, аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.
Есеп барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен атқарылған жұмыстардың нақты нәтижелері талқыланды.
2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша аудан экономикасында оң динамика байқалады:
негізгі капиталға салынған инвестициялар 5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға өскен;
құрылыс жұмыстарының көлемі 2,3 млрд теңгеге жетіп, 1,8 есеге артқан;
743 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген;
ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 6,8 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 862 млн теңгеге өскен;
ауыл шаруашылығы саласында 73 бірлік жаңа техника сатып алынып, оған 957 млн теңге бағытталған;
аудан негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша облыс аудандары арасында 5-орынға ие болды.
Сонымен бірге, ауданда әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жалғасуда. Кішкенекөл ауылындағы жабық бассейн мен тренажер залының құрылысы 90 пайызға, Көктерек ауылындағы демалыс орталығының құрылысы 98 пайызға орындалған. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге бағытталған жобалардың жалпы құны 3 млрд. 295 млн. теңгені құрайды.
Сессия барысында депутаттар Асқар Шаткенов, Гүлнәр Баймағанбетова және аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Сайран Ташкин жарыссөзге қатысып, атқарылған жұмыстармен қатар, алдағы кезеңдегі міндеттерді де талқылап, тұрғындар үшін маңызды мәселелерге назар аударды.
Сессия барысында бұдан бөлек, ауданның коммуналдық меншігін басқару, ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту ұлттық жобасының іске асырылуы, аудан бюджетіне өзгерістер енгізу және жер салығының мөлшерлері бойынша мәселелер қаралды.
Сонымен қатар, сайлау комиссияларының құрамына өзгерістер енгізу және аудан әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясының жаңа құрамына қатысты мәселелер қаралып, тиісінше шешімдер қабылданды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ualmaslihat/press/news/details/1277797?lang=ru

Жауап қалдыру