Мақтаарал ауданында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 21 тамызда Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Шералыұлы Анарбековтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Жиынға комиссия мүшелерімен қатар аудандық полиция бөлімінің, білім бөлімінің, отбасын қолдау орталығының және тиісті мекемелердің өкілдері қатысты.

Комиссия отырысының негізгі күн тәртібі – аудандық полиция бөлімінің профилактикалық бақылау есебінде тұрған кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ аз қамтылған және қолайсыз отбасыларындағы балалардың жаңа оқу жылына дайындық деңгейі туралы мәселені қарау.

Отырыста Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Нысанбеков Дәурен Абдуғаниұлы және Мақтаарал аудандық білім бөлімінің өкілі Сериков Мұхит Алмаханбетұлы баяндама жасап, өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, анықталған мәселелерді шешу және профилактикалық жұмыстарды одан әрі күшейту бағытында нақты ұсыныстар айтылды.

Жиында балалардың әлеуметтік жағдайына, білім алуына және қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне ерекше назар аударылды. Әсіресе, профилактикалық бақылау есебінде тұрған мектеп жасындағы балалардың, қолайсыз отбасылардағы балалардың, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылардың, ерекше білім беруді қажет ететін және мүгедектігі бар балалардың жаңа оқу жылына толыққанды дайындалуы маңызды мәселе ретінде айқындалды.

Аудан әкімінің орынбасары Бижан Шералыұлы Анарбеков комиссия мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін назарға ала отырып, тиісті сала басшыларына балалардың оқу жылына дайындығын бақылауды күшейтуді тапсырды.

«Әрбір бала назардан тыс қалмауы тиіс» деген ұстанымның маңыздылығына тоқталған Комиссия төрағасы мен мүшелері әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы балаларға қажетті қолдауды уақытылы ұйымдастыру, олардың мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін қадағалау және ата-аналармен профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, білім беру ұйымдары мен полиция қызметкерлеріне балалардың сабаққа қатысуы, тәртібі, қауіпсіздігі және әлеуметтік жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу, проблемалық отбасылармен жеке жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру жөнінде ұсыныстар назарға алынды.

Жаңа оқу жылы – әр бала үшін жаңа мүмкіндік. Сондықтан бірде-бір бала әлеуметтік жағдайына, денсаулығына немесе отбасылық жағдайына байланысты білім алудан тыс қалмауы керек.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1278222?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді