
Әртүрлі спорт түрлерінен жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы әлем чемпионаттары басталды. Қазақстандық спортшылар олимпиадалық спорт түрлерінен 6 медаль – 2 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлдеге ие болды.
Жасөспірімдеріміз халықаралық аренада барған сайын сенімді өнер көрсетіп, жарыс кестелерінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Бұл – еліміздің спорт резервінің өсіп келе жатқанының жақсы көрсеткіші.
Братиславада өтіп жатқан 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы күрес түрлерінен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы алтын медалін жеңіп алды. Грек-рим күресінен 67 келіге дейінгі салмақта Қазыбек Қалмағамбетов әлем чемпионы атанды.
Жарыста еркін және әйелдер күресінен спортшыларымыз жүлде жолында бәсекені жалғастыруда. Чемпионат 23 тамызда аяқталады.
Қазақ спортшылары Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатқан кадеттер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында да сәтті өнер көрсетуде. Жарыстың алғашқы күнінде дзюдошыларымыз 5 медаль – 1 алтын, 2 күміс және 2 қола жеңіп алды. 60 келіге дейінгі салмақта Ғабит Расұлхан әлем чемпионы атанды.
Жеке жарыстар 22 тамызда аяқталады. Ал 23 тамызда аралас командалық турнир өтеді.
Жасөспірімдер арасындағы бірқатар әлем чемпионаттары жазғы Азия ойындары өтетін кезеңге сәйкес келеді. Осылайша, қазақстандық спорт резерві үшін алдағы кезең аса маңызды әрі қарқынды болмақ: жас спортшылар әлем чемпионаттарында жүлделер үшін бақ сынаса, елдің ересектер құрамасы Азия ойындарында Қазақстан намысын қорғайды.
Жасөспірімдер арасындағы нәтижелердің өсуі спортшыларды даярлау тәсілдерінің өзгеруімен тікелей байланысты. Жаттығу үдерісіне ғылыми әдістер белсенді енгізіліп, жас спортшылармен жұмысқа ғылыми топтар тартыла бастады.
Жас спортшыларды кешенді сүйемелдеуге ерекше назар аударылуда. Бұл жаттығу үдерісін жоспарлау мен физикалық көрсеткіштерді бақылаудан бастап, қалпына келтіру және жарақаттардың алдын алуға дейінгі бағыттарды қамтиды. Оңалту мен қалпына келтірудің заманауи тәсілдері спортшыларға жүктемелерге тиімді бейімделуге және маусым бойы қажетті дайындық деңгейін сақтауға мүмкіндік береді.
Мұндай жүйелі жұмыс жас спортшыларды сапалы даярлауға жағдай жасап, Қазақстанның халықаралық аренадағы орнын біртіндеп нығайтуға мүмкіндік береді. Жасөспірімдердің жақсы нәтижелері – болашақта ұлттық құрама деңгейіне көтеріле алатын бәсекеге қабілетті спорт резерві қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Жасөспірімдердің табысты өнер көрсетуі – балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Жаттығуға заманауи жағдай жасау, ғылыми тәсілдерді қолдану, білім беру бағдарламаларын дамыту және қалпына келтіру жүйесін жетілдіру жас спортшылардың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі жасөспірім – Қазақстанның ұлттық құрамаларының болашақ негізі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1278319?lang=ru

Жауап қалдыру