Ойыл өзені арқылы өтетін жаңа көпір ел игілігіне берілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында 2024 жылғы су тасқыны салдарынан зақымданған Ойыл ауылына кіреберістегі автомобиль жолындағы көпірді қайта жаңарту жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді.

Жаңа көпірдің ашылу салтанаты 22 тамызда өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, аудан басшылығы, мердігер ұйым өкілдері, ауданның құрметті азаматтары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев жаңа көпірдің Ойыл ауданы үшін стратегиялық маңызын атап өтті.

«Көптен күткен, ойдағы елді облыс орталығымен жалғастыратын жаңа көпірді ел игілігіне тапсырғалы тұрмыз. Нысан құрылысының күрделі және маңызды болуына сәйкес жобалау жұмыстарынан бастап бүгінгі сәтке дейін қатаң техникалық қадағалауда болды», – деді Асылбек Есенбаев.

Облыс әкімінің орынбасары көпір құрылысының екі кезеңге бөлініп жүргізілгенін, оның ішінде ауқымды әрі ұзақ мерзімді жер асты жұмыстары атқарылғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа көпір өңірдегі ірі көпірлердің біріне айналып, жолаушылардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар Асылбек Есенбаев нысанның өңірдің көлік-логистикалық әлеуеті үшін маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекет басшысының Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыруымыз керек деген тапсырмасы бар. Осы тапсырманы орындау барысында облысымызда маңызды және ірі жобалар іске асырылуда. Аталған жобалардың арасында «Батыс Қазақстан – Оңтүстік Қазақстан» транзиттік дәлізін қалыптастыруға Ойылдың көпірі зор үлесін қосады», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Салтанатты жиында Ойыл ауданының құрметті азаматы, аудан ақсақалы Ғазиз Займолда ақ батасын берді. Сондай-ақ көпір құрылысының жүзеге асуына үлес қосқан нысан мердігері, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері Владимир Розыметов сөз сөйледі.

Ауыл тұрғындары да жаңа нысанның ел үшін маңызына тоқталып, көпірдің пайдалануға берілуі көлік қатынасын жеңілдетіп, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысына мүмкіндік беретінін жеткізді.
Еске салсақ, 2024 жылғы су тасқыны кезінде Ойыл ауылына кіреберіс автомобиль жолындағы Ойыл өзені арқылы өтетін көпірді су шайып, нысан зақымданған болатын. Осыған байланысты көпірді қайта жаңарту бойынша 2024 жылғы шілде айында «Тенгизстройсервис Групп» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, құрылыс жұмыстары басталды.

2024 жылы қолданыстағы көпірді бөлшектеу жұмыстары жүргізілді. 2025 жылдың қаңтар айында нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу аяқталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаға сәйкес құрылыс жұмыстарының ұзақтығы 15 айды құрады. Нысанның жалпы құны — 3,2 млрд теңге.

Қайта жаңартылған көпірдің ұзындығы 280 метрді құрайды. Құрылыс барысында 70 қада қағылып, оның 30-дан астамы 26-38 метр тереңдікке орнатылды. Көпірдің 8 тіреуі толық тұрғызылып, 8 тіреу аралығына 56 арқалық орналастырылды.

Бұдан бөлек, көпірдің жүріс бөлігіне монолитті плиталар құйылып, асфальт жабыны төселді. Барьерлік қоршаулар орнатылып, құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды.

Жаңа көпірдің пайдалануға берілуі — су тасқынынан кейінгі инфрақұрылымды қалпына келтірумен қатар, Ойыл ауданының көлік қатынасын жақсартуға бағытталған маңызды жоба. Нысан Ойыл ауылы тұрғындарының қауіпсіз әрі тұрақты қатынасын қамтамасыз етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етпек.

Айта кетейік, су тасқынынан кейін Ойыл ауданында елді мекендердің қалыпты тіршілігін қалпына келтіру, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Ойыл ауылында 320 орындық жаңа мектеп, 150 орындық балабақша және 172 тұрғын үй салынса, Қаратал ауылында 60 орындық балабақша бой көтерді.

Сонымен қатар, елді мекендерді су басу қаупінен қорғау мақсатында бөгеттер мен дамбылар салу және нығайту жұмыстары жүргізілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1278418?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді