Qarmet шахталарында көмірді құрғақ байыту технологиясы енгізілуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Qarmet компаниясы «Шахтинская» шахтасында Қарағанды көмір бассейніндегі көмірді құрғақ байытуға арналған алғашқы кешен салуда. Жаңа технология көмірді байыту фабрикасына жөнелткенге дейін, яғни өндіру орнында-ақ тау жынысының бір бөлігін бөліп алуға мүмкіндік береді.

Бүгінде көмірмен бірге жер бетіне едәуір мөлшерде тау жынысы да шығарылады. Оны көмірмен бірге тасымалдап, кейін «Восточная» орталық байыту фабрикасында ажыратуға тура келеді. Жаңа кешен бұл процесті өндіру кезеңінің өзінде жүзеге асыруға жол ашады. Соның нәтижесінде әрі қарай өңдеуге сапасы жоғары көмір жөнелтіліп, артық тасымал көлемі азаяды және байыту жабдықтарына түсетін жүктеме төмендейді.

Кешеннің негізіне құрғақ ауамен сепарациялау технологиясы алынған. Оның көмегімен көмір мен тау жынысы су мен химиялық реагенттерді қолданбай, ауа ағыны арқылы ажыратылады. Бұл шламдар мен ағынды сулардың түзілуін болдырмай, пайдалану шығындарын азайтуға және өндірістің қоршаған ортаға әсерін төмендетуге мүмкіндік береді. Кешеннің өндірістік қуаты сағатына шамамен 300 тонна көмірді құрайды.

Технологиялық желі көмірді ұсақтау және құрғақ сепарациялау кезеңдерінен тұрады. Тау жынысының бір бөлігінен тазартылған көмір әрі қарай өңдеуге жіберіледі, ал бөлінген жыныс арнайы үйіндіге шығарылады.

— Біздің міндетіміз — артық тау жынысын көмірден мүмкіндігінше ертерек бөліп, әрі қарай сапасы жоғары шикізатпен жұмыс істеу. Бұл — шахталарымызды технологиялық жаңғырту бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі, — деді «Шахтинская» шахтасының күрделі құрылыс жөніндегі бас инженерінің орынбасары Василий Барабанов.

Кешен құрылысы қазір белсенді кезеңге өтті. Жұмысқа шамамен 90 адам тартылған. Бұдан бөлек, 15-ке жуық маман жабдықтарды монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алда құбыржолдар мен инженерлік жүйелерді монтаждау, сыртқы инженерлік желілерді тарту, шатыр жабу жұмыстарын аяқтау және ғимараттарды қаптау міндеттері тұр.

«Шахтинская» шахтасындағы жоба Qarmet-тің өндірісті технологиялық жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарламасының бір бөлігі саналады. Құрғақ байыту кешендерін «Қазақстан», «Абай» және Т. Күзембаев атындағы шахталарда да енгізу жоспарланған.

Qarmet баспасөз қызметінің мәліметінше

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1278344?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді