ЖАСТАР «БІРГЕ – БОЛАШАҚҚА» ФЛЕШМОБЫНА ҚАТЫСТЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Елімізде алғаш рет өтіп жатқан Құрылтай депутаттарын сайлау күніне орай, Шымкент қаласында жастардың патриоттық рухын көтеріп, азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған «Бірге – болашаққа» атты патриоттық флешмоб ұйымдастырылды.

Сайлау учаскесінің алдында өткен шараға бір үлгіде киінген 50 жас қатысты. Жастар арнайы дайындалған хореографиялық қойылымды орындап, бірлік, отансүйгіштік және азаматтық белсенділік идеясын флешмоб арқылы жеткізді.

Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының басшысы Жұман Жансерік жастардың бүгінгі сайлау барысындағы белсенділігіне тоқталып, мұндай шаралардың өскелең буынның азаматтық жауапкершілігін қалыптастырудағы маңызына тоқталды.

– Бүгін таңнан бері сайлау учаскелерінде белсенділік танытып жатқандардың басым бөлігі – жастар. Бұл – жас буынның ел өміріне бейжай қарамайтынын көрсетеді. Біз жастардың осындай белсенділігін қолдап қана қоймай, олардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысу мәдениетін қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеміз. Бүгінгі флешмоб та осы мақсатта ұйымдастырылды. Жастарды ел өміріндегі маңызды шараларға белсенді араласуға үйрету, қоғамдық бастамаларға қатысуға машықтандыру – басты міндеттеріміздің бірі. Өйткені, елдің ертеңі – бүгінгі белсенді жастардың қолында, – деді ол.

Шараның ерекше сәті қатысушылардың көлемі 16×8 метр болатын, «23 тамыз – Құрылтай сайлауы» деген жазуы бар алып туды көпшілік алдында жайғаны болды. Ауқымды ту флешмобтың негізгі визуалдық акцентіне айналып, жастардың ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси үдеріске деген белсенді көзқарасын көрсетті.

Флешмоб аяқталған соң, шараға қатысқан жастар өздері тіркелген №361 сайлау учаскесіне барып, Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасады.

Осылайша, патриоттық флешмобқа қатысқан жастар өздерінің ел болашағына деген азаматтық ұстанымын тек символдық акция арқылы ғана емес, сайлауға қатысып, нақты таңдау жасау арқылы да көрсетті.

«Бірге – болашаққа» акциясының негізгі мақсаты – жастар арасында патриоттық рухты қалыптастыру, ел бірлігін дәріптеу, азаматтық жауапкершілікті арттыру және жас буынның қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуын ынталандыру.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/1278562?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді