
Талдықорған қаласында 11 мыңға жуық қала және облыс тұрғындары мен қонақтарының басын қосқан ауқымды «TALDYQ SUMMER – 2026» фестивалі өтті.
Іс-шара барысында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 200-ге жуық полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жұмылдырылды. Адамдар көп шоғырланған орындарға, іс-шара аумағы мен оған іргелес аумақтарға ерекше назар аударылды.
Құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысының арқасында концерт тыныш жағдайда, ешқандай оқиғасыз өтті. Қоғамдық тәртіпті бұзу деректері тіркелген жоқ.
Іс-шара барысында көмек қажет болған бір ғана жағдай орын алды. Көпшілік арасында кішкентай қыз бала ата-анасынан адасып қалған. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстарын ұйымдастырып, баланы қысқа уақыт ішінде тауып, ата-анасына аман-есен табыстады. Қыздың анасы тәртіп сақшыларына жеделдігі, мұқияттылығы мен жанашырлығы үшін шынайы алғысын білдірді.
— Азаматтардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігі – әрқашан басты басымдық. Көпшілік іс-шаралар кезінде біздің негізгі міндетіміз – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрғындардың алаңсыз демалып, үйлеріне қауіпсіз оралуына барлық жағдай жасау, — деп атап өтті Жетісу облысы Полиция департаментінде.
Ауқымды іс-шараның оқиғасыз өтуі полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің үйлесімді жұмысының, сондай-ақ азаматтардың жауапкершілігінің нәтижесі болды.
Қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету «Заң және тәртіп» қағидаты аясындағы жұмыстың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1279269?lang=ru

Жауап қалдыру