
ШҚО орталығында семсерлесуден 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды.
Бүгін Жекпе-жек сарайында жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Өңір басшысы спортшылардың сәтті өнер көрсетіп, жаңа спорттық жетістіктерге жетулеріне тілектестік білдірді.
Чемпионат 24-30 тамыз аралығында өтеді. Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген ең мықты жас семсерлесушілер қатысуда.
Спортшылар семсерлесудің үш түрі – семсер, қылыш және рапир бойынша бақ сынайды. Бағдарлама ерлер мен әйелдер арасындағы жеке және командалық сайыстарды қамтиды.
Бүгін ерлер арасында семсер бойынша жеке жарыстар өтуде. Ал ертең әйелдер арасында семсерден жеке жарыстар, сәрсенбі күні ерлер мен әйелдер арасындағы командалық сайыстар болады. Бейсенбі және жұма күндері спортшылар қылыштасудан, ал 29-30 тамыз аралығында рапирдан бақ сынайды.
Биылғы чемпионатқа болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшылар жиналды. Көпшілігі үшін бұл жарыс – спорттық мансабындағы маңызды кезең әрі ұлттық құрама сапына қосылу жолындағы зор мүмкіндік.
Көрермен үшін кіру тегін. Өскемен қаласының тұрғындары мен қонақтарын спортшыларға қолдау көрсетіп, тартысты жекпе-жектердің куәсі болуға шақырады.
Чемпионаттың алғашқы күнінің қорытындысы: 1-орын – Александр Федотов (Ақтөбе облысы), 2-орын – Нұржан Абжанов (Алматы), 3-орын – Нұрмұхамед Балтабай (Шымкент), 3-орын – Богдан Лукин (ШҚО).
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1279271?lang=ru

Жауап қалдыру