Қызметпен қатар өрілген өмір: полицейдің жары күйеуінің күнделікті қызметі туралы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Полиция қызметі сырт көзге бір бөлек көрінгенімен, оның қиындығын қызметкердің жанында жүрген жақындары жақсы біледі. Кеш оралу, күтпеген шақыртулар, күшейтілген қызмет, демалыс және мереке күндеріндегі кезекшілік — мұның барлығы полицей отбасының күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған.

Осындай өмірдің қыр-сырын көпшілікке көрсетуді ұйғарған патрульдік полиция ротасы қызметкерінің жұбайы жеке влог жүргізе бастады. Ол өз парақшасында күйеуінің қызметтік жолы мен полицей отбасының тыныс-тіршілігі туралы әңгімелейді.

Оның жұбайы күн сайын қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызметке шығады. Көшелерді патрульдеу, жол қауіпсіздігін бақылау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, түрлі шақыртулар мен оқиғаларға жедел ден қою, көмекке мұқтаж азаматтарға қол ұшын созу — мұның бәрі үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Полицейдің жұмыс күні әрдайым белгіленген уақытта аяқтала бермейді. Жол-көлік оқиғасы, құқық бұзушылық туралы хабарлама, отбасылық жанжал, жоғалған бала немесе шұғыл көмек қажет еткен азамат — кез келген жағдай қызметкердің уақытпен санаспай әрекет етуін талап етеді.

Ал сол сәтте үйде оны отбасы күтіп отырады.

Жұбайы өз влогында қызметтің дәл осы көпшілік біле бермейтін тұстарын көрсеткісі келеді. Отбасының тұрақсыз жұмыс кестесіне қалай бейімделетіні, балалардың әкесін қызметтен күтетіні, кейде алдын ала жоспарланған отбасылық уақыттың қызметтік міндетке байланысты өзгеретіні туралы шынайы әңгімелейді.

«Полицейдің жары болу оңай ма деп жиі сұрайды. Әрине, оңай емес. Кейде кешке дейін күтесің, байланысқа шықпаса алаңдайсың. Кез келген уақытта қызметке шақырылуы мүмкін екенін де түсінесің. Бірақ сонымен бірге үлкен мақтаныш сезімі бар. Өйткені мен оның дәл сол сәтте біреуге көмектесіп, азаматтардың қауіпсіздігі үшін қызмет атқарып жүргенін білемін», — дейді ол.

Әсіресе мереке күндері, көпшілік іс-шаралар кезінде және күшейтілген қызмет барысында полицейлердің жұмысы ерекше қарқын алады. Жұрт отбасымен бірге демалып жатқанда, тәртіп сақшылары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қызметте болады.

Влог арқылы полицейдің жұбайы форманың ар жағындағы қарапайым адамды да көрсеткісі келеді. Ол — қызметкер ғана емес, бір отбасының отағасы, әке, жар, перзент. Оны да үйінде асыға күтетін жақындары бар.

Ал әрбір полицейдің артында оның қызметін түсінетін, қолдайтын және амандығын тілеп отыратын отбасы тұр.

Сондықтан бұл влог — тек полицейдің жұмысы туралы әңгіме емес. Бұл — қызметкердің күнделікті өмірін оны әр таң сайын қызметке шығарып салып, әр кеш сайын үйге күтіп алатын жанның көзімен көрсету.

Полицейлер ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті күзетсе, үйде олардың амандығын тілеп, әрдайым қолдау білдіретін отбасы бар.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1279274?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді