
Будапешт, 2026 жылғы 24 тамыз – 2026 жылғы 20-23 тамыз аралығында Буда қамалында дәстүрлі қолөнер мен халық өнерін сақтау, дамыту және кеңінен насихаттауға бағытталған Мажарстандағы ең ірі жыл сайынғы мәдени іс-шаралардың бірі – Халық қолөнерінің 40-шы мерейтойлық фестивалі («Mesterségek Ünnepe») өтті.
2026 жылғы 20 тамызда Фестивальдің ресми ашылуы аясында Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Анель Бақытбекқызы Мажар халық шеберлері бірлестіктері қауымдастығының атқарушы директоры Габриэлла Идьяртомен кездесті. Әңгімелесу барысында тараптар қазақстандық шеберлердің фестивальге қатысуын, сондай-ақ дәстүрлі қолөнер мен халық өнері саласында Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі дамыту және ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
Фестиваль дәстүрлі түрде халықаралық қатысушылардың кең ауқымымен ерекшеленетінін атап өткен жөн. Атап айтқанда, 2026 жылы мажар шеберлерімен қатар Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Корея Республикасы, Польша, Түркия және бірқатар басқа елдердің өкілдері қатысты. Ал АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай Америка Құрама Штаттары іс-шараның құрметті қонағы болды.
Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігінің белсенді қолдауымен мерейтойлық фестивальге Қазақстаннан «Urshyk» республикалық қолөнершілер одағының төрт өкілі қатысты:
– Бибігүл Карденова – киіз шебері, Одақ төрайымы;
– Зауре Какимова – өру шебері;
– Салтанат Елеусинова – дәстүрлі қолөнер шебері;
– Ұлжан Мұзартбек – дәстүрлі қолөнер шебері.
Қазақстандық қатысушылар фестиваль қонақтарына ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдіс-тәсілдер мен шеберлік үлгілерін көрсете отырып, ұлттық қолданбалы өнердің бай дәстүрлерін таныстырды. Олардың фестивальге қатысуы кең мажар және халықаралық аудиторияға Қазақстанның бірегей мәдени мұрасымен, сондай-ақ елдегі дәстүрлі қолөнердің заманауи даму үрдістерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1279286?lang=ru

Жауап қалдыру