
Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен кезекті мәжіліс өтіп, онда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, алдағы 2027–2029 жылдарға арналған бюджеттік жобалар және жылу маусымына дайындық мәселелері қаралды.
Жиында аудан экономикасының 7 айдағы негізгі көрсеткіштері сараланып, бірқатар салаларда өсімді қамтамасыз ету, өңдеу өнеркәсібін дамыту және іске асырылып жатқан жобаларды белгіленген мерзімде аяқтау бойынша бірқатар мәселелер пысықталды.
2027–2029 жылдарға арналған республикалық және облыстық бюджеттерге енгізілетін жобаларды қайта қарап, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған басым жобаларды қалыптастыру бойынша аудан әкімі жауапты тұғаларға бірақтар тапсырма жүктеді.
Әсіресе әлеуметтік нысандар, жол-көлік инфрақұрылымы, инженерлік желілер, білім беру, денсаулық сақтау және спорт салаларына басымдық беру қажеттігі айтылды.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі алдағы жылу маусымына дайындық жұмыстары. Бұл жөніде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Құдайберген хабарлама жасады.
Аудан әкімі жиын барысында аталған мәселе бойынша бірқатар кемшіліктерге жол берілгенін айтып, олардың қысқа мерзім ішінде қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді. Әсіресе жылу қазандықтарының дайындығын қамтамасыз ету және қажетті отын қорын жасақтау жөнінде атап өтті.
Бұдан бөлек, коммуналдық берешектерді азайту мәселесі қаралып, электр энергиясы бойынша қалыптасқан қарыздарды өтеу бағытында кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы жауапты сала басшыларына алдағы жылыту маусымын тұрақты әрі қауіпсіз өткізу үшін барлық дайындық жұмыстарын уақытылы аяқтап, берілген тапсырмалардан нәтиже шығару керектігін қатаң ескертті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-aral/press/news/details/1279838?lang=ru

Жауап қалдыру