
Жаңа оқу жылы қарсаңында Ақтөбе қаласындағы №8 орта мектепке жапсарлас салынған 300 орындық ғимарат есігін айқара ашты. Жаңа корпус мектептегі шамадан тыс жүктемені азайтып, әсіресе бастауыш сынып оқушылары үшін білім алуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Бүгінде мектепте 1368 оқушы білім алады. Ал білім беру ұйымы 2012 жылы пайдалануға берілген кезде небәрі 600 оқушыға шақталған. Яғни қазіргі оқушы саны мектептің жобалық қуатынан екі еседен астам жоғары.
Осыған байланысты 2024 жылы мектепке қосымша 300 орындық ғимарат салу жұмыстары басталды. Жобаның жалпы құны шамамен 1,7 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстарын «Омад Құрылыс Компаниясы» ЖШС атқарды.
Жаңа корпуста 13 бастауыш сынып кабинеті мен 4 информатика кабинеті қарастырылған. Барлық оқу кабинеттері қажетті жиһаздармен және материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған.
Сонымен қатар ғимаратта асхана, спорт залы, кітапхана, медициналық кабинет және көркем еңбек шеберханасы орналасқан. Бұл оқушылардың оқу процесімен қатар, мектепте толыққанды болуы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді.
«Жаңа оқу ғимаратының іске қосылуы – ең алдымен, балаларға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Қосымша 300 орын мектептегі тығыздықты азайтып, оқушылар мен педагогтер үшін жағдайды жақсартады», – деп атап өтті облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақкенже Тындыбаева.
Жалпы биыл Ақтөбе облысында жаңа оқу жылы қарсаңында 7 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Оның үшеуі – Ақтөбе қаласында, екеуі – Темір ауданында, бір-бірден Мұғалжар және Мәртөк аудандарында орналасады.
Осылайша, өңірде білім беру нысандарын көбейту арқылы оқушы орындарының тапшылығын азайту және балаларға заманауи оқу жағдайын жасау жұмыстары жалғасуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1280281?lang=ru

Жауап қалдыру