
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау шеңберінде мемлекеттік еңбек инспекторлары тексеру жүргізеді. Тексерулер Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес негіздер мен растайтын дәлелдер болған кезде жүргізіледі. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Исмағұлов мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Оның айтуынша, аталған ұйымдарда тексеру іс-шаралары жүргізіліп, жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, міндетті түрде орындауға жататын нұсқамалар енгізілді, сондай-ақ материалдар мәжбүрлеп орындату үшін жеке сот орындаушыларына жолданды.
«Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 10 202 өтінішті қарап, 271 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Анықталған бұзушылықтар бойынша оларды жою туралы 125 нұсқама беріліп, 114 заңды және жеке тұлға жалпы сомасы 22,2 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – дейді спикер.
Еңбек жанжалдарының алдын алу мақсатында мемлекеттік еңбек инспекциясы прокуратурамен бірлесіп, тәуекел деңгейі жоғары тізімге енгізілген жұмыс берушілермен кездесулер өткізеді.
Профилактикалық жұмыс аясында мемлекеттік еңбек инспекторлары Астана қаласының прокуратурасы және Кәсіподақтар орталығымен бірлесіп, 2 870-нен астам жұмыскерді қамтыған 30 көшпелі іс-шара өткізді. Негізгі назар қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге және жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға аударылды.
«Құрылыс объектілерінде қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарының сақталуын бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары да қолданыла бастады. Жұмыс прокуратура және қала полиция департаментімен бірлесіп жүргізілуде. Жыл басынан бері 13 жұмыс беруші жалпы сомасы 1,1 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Әуеден мониторинг жүргізу қарапайым тексеру барысында анықтау қиын болатын бұзушылықтарды тіркеуге мүмкіндік береді», – деп департамент басшысы сөзін қорытындылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1281442?lang=ru

Жауап қалдыру