
Алматыда қала шаруашылығын 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындау жұмыстары жалғасып келеді. Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен кеңесте жұмыс барысы талқыланды. Коммуналдық және энергетикалық кәсіпорындар бекітілген кестеге сәйкес тиісті іс-шараларды орындауда.
Әсіресе, тұрғын үй қоры мен әлеуметтік нысандарға ерекше назар аударылып отыр. Бүгінде көппәтерлі тұрғын үйлердің басым бөлігі қысқа дайын. Білім беру мен денсаулық сақтау нысандарындағы дайындық жұмыстары да толық аяқталған.
Жылу көздері мен инженерлік желілерде гидравликалық сынақтар жүргізіліп, ағымдағы жөндеу және жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Биыл 20 шақырымнан астам жылу желісін жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар жылу оқшаулағыштары ауыстырылып, негізгі жабдықтар қысқы жүктемеге дайындау көзделген.
Қалалық жылу көздерінде негізгі жабдықтар жөнделіп, қажетті отын қоры жасақталып жатыр. Жоспарланған іс-шаралардың басым бөлігі орындалды. Қазандықтар дайындықтың соңғы кезеңінен өтіп, іске қосу-баптау жұмыстары қолға алынған.
Сондай-ақ, электр инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр. Электр беру желілері, қосалқы станциялар мен трансформаторлық жабдықтар жаңартылуда. Газбен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде де жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
Қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін өзге де жүйелерді дайындау жалғасуда. Газ құбырларының жоспарланған учаскелерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын, жабдықтарға техникалық қызмет көрсетілуде. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде де инженерлік желілерді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Коммуналдық және энергетикалық кәсіпорындар суық түскенге дейін қыс мезгілінде қала инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қалған жөндеу және іске қосу-баптау жұмыстарын аяқтауға тиіс.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1281923?lang=ru

Жауап қалдыру