
Оралда полиция қызметкерлері ер адамды құтқарып қалды. Орал қалалық патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Жолбаев Парасат Орал қаласында Депо аумағындағы көпірден жеке көлігімен өтіп бара жатып, қауіпті жағдайды байқаған. Ол сол күні демалыста болған.
Көпірдің қоршауынан арғы жаққа шығып кеткен шамамен 40-45 жастағы ер адамның бір аяғы төмен қарай салбырап, кез келген сәтте құлап кету қаупі төнген еді. Полиция қызметкері көлігін тоқтатып, дереу жақын маңдағы патрульдік полиция экипажына хабар береді. Экипаж келгенше ол азаматпен сөйлесіп, оны сабырға шақырып, қауіпті әрекетін тоқтатуға тырысады. Көп ұзамай оқиға орнына патрульдік полиция батальонының инспекторлары Райымбек Қабылов пен Ғаламат Хайров келіп жетті.
Әр секунд шешуші мәнге ие болған сәтте полиция қызметкерлері жедел әрі үйлесімді әрекет етіп, ер адамды құлап кетуден сақтап, қауіпсіз жерге алып шықты. Осылайша полиция қызметкерлерінің қырағылығы мен батыл әрекетінің арқасында бір адамның өмірі аман қалды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zko/press/news/details/1282267?lang=ru

Жауап қалдыру