
Цифрлық технологиялардың дамуына байланысты интернет арқылы сауда жасау, ақша аудару және түрлі қызметтерді пайдалану кеңінен таралды. Сонымен қатар интернет-алаяқтардың құрбаны болу қаупі де артып отыр.
Алаяқтар азаматтарды алдау үшін түрлі тәсілдерді қолданады. Олар тауарларды өте төмен бағамен сататыны туралы жалған хабарландырулар орналастырады, банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырады, тиімді несие ұсынуы мүмкін немесе банк шотында күдікті операция жүргізілгені туралы хабарлайды.
Азаматтардың ақшасын иемдену мақсатында алаяқтар банк картасының деректерін, SMS арқылы келген кодтарды, парольдерді, мобильді қосымшаға кіру мәліметтерін сұрайды немесе телефонға белгісіз қосымшаны орнатуды талап етуі мүмкін.
Полиция азаматтарды қырағы болуға және келесі қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады:
- банк картасының деректерін, парольдерді және SMS арқылы келген кодтарды бөгде адамдарға айтпаңыз;
- белгісіз адамдардан келген күдікті сілтемелерге өтпеңіз;
- бейтаныс адамдардың өтініші бойынша белгісіз қосымшаларды орнатпаңыз;
- банк операцияларын растауға арналған кодтарды ешкімге айтпаңыз;
- төлем жасамас бұрын сатушы немесе интернет-дүкен туралы ақпаратты тексеріңіз;
- жүлде, несие немесе басқа да «тиімді ұсыныс» алу үшін бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыз;
- өзін банк қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалса, банктің ресми нөміріне өзіңіз қайта хабарласыңыз.
Әлеуметтік желілер мен хабарландыру сайттары арқылы сауда жасаған кезде ерекше сақ болған жөн. Тауардың тым төмен бағасы, алдын ала толық төлем жасауды талап ету және сатушының жеке кездесуден бас тартуы алаяқтық белгілері болуы мүмкін.
Есте сақтаңыз: банк және мемлекеттік орган қызметкерлері азаматтардан парольдерді, PIN-кодтарды және операцияларды растау кодтарын талап етпеуі тиіс.
Егер алаяқтық әрекеттің құрбаны болғаныңызды сезсеңіз, мүмкіндігінше тез арада 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласып, сондай-ақ банкке қоңырау шалып, банк картасын немесе шотты бұғаттау шараларын қабылдаңыз.
Полиция Ақтау тұрғындарын алаяқтардың арбауына түспеуге, алынған ақпаратты мұқият тексеруге және асығыс немесе қысыммен қаржылық шешім қабылдамауға шақырады.
Қырағылық – интернет-алаяқтықтан қорғанудың ең тиімді жолы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1282157?lang=ru

Жауап қалдыру