Қазақстанда мүгедектікті анықтауға 72 мыңнан астам өтінім сырттай қаралды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанда мүгедектікті сырттай белгілеу форматы кеңейтіліп келеді. 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша осы форматта 72,6 мыңнан астам өтінім қаралған. Бұл мүгедектікті белгілеу бойынша көрсетілген мемлекеттік қызметтердің жалпы санының 46,9 пайызын құрайды.

Қазақстанда мүгедектікті белгілеу ҚР Әлеуметтік кодексі мен медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Куәландыру азаматтың қатысуымен немесе сырттай проактивті форматта жүргізілуі мүмкін.

Қандай аурулар кезінде МӘС-ке барудың қажеті жоқ

Сырттай проактивті куәландыру бірқатар аурулар мен медициналық жағдайларға қатысты қолданылады. Олардың қатарында:

  • онкологиялық аурулар;
  • барлық локализациядағы туберкулез;
  • туа біткен және жүре пайда болған анатомиялық ақаулар;
  • психикалық аурулар;
  • балалардағы бірінші типті қант диабеті;
  • балалардағы мукополисахаридоз;
  • ағзаларды трансплантациялаудан кейінгі жағдайлар;
  • нағыз гидроцефалия;
  • бір немесе бірнеше аяқ-қолдың тұрақты айқын параличі немесе терең парезі;
  • басқа да белгіленген аурулар мен жағдайлар бар.

Құжаттар қалай қаралады?

Сырттай куәландыру кезінде 031/е нысаны медициналық ұйымнан МӘС бөліміне электронды түрде жіберіледі. Бұл процесс Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау арқылы жүзеге асырылады.

Құжаттар сарапшыларға иесіздендірілген түрде ұсынылады. Яғни мамандар медициналық материалдардың нақты кімге тиесілі екенін және азаматтың қай өңірден екенін білмейді.

Медициналық құжаттарды зерделегеннен кейін сарапшылар мүгедектік тобын белгілеу туралы шешім қабылдайды. Сонымен қатар азаматқа қажетті абилитация және оңалту шаралары көрсетілетін жеке бағдарлама әзірленеді.

Сырттай форматта куәландырудан өту үшін азаматқа медициналық ұйымға жүгіну жеткілікті. МӘС бөліміне жеке барудың қажеті жоқ. Өтініш беру рәсімі SMS-хабарлама арқылы жүзеге асырылады.

Бұл тәсіл азаматтардың уақытын үнемдеп, әкімшілік рәсімдерді қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қызмет алушы мен сарапшы арасында тікелей байланыс болмайды.

Тәуелсіз сарапшылар да қатысады

Сырттай проактивті куәландыру процесіне МӘС тәуелсіз сарапшылары да қатысады. Олар — жоғары медициналық білімі бар және медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін дәрігерлер.

2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша тәуелсіз сарапшылар тізіліміне 79 маман енгізілген. 2025 жылы олардың саны 72 болған.

2026 жылдың алғашқы жеті айында тәуелсіз сарапшылар 60 617 сараптамалық шешім шығарған.

Сырттай куәландыру жүйесі ауыр немесе созылмалы аурулары бар азаматтарға мүгедектікті белгілеу және тиісті әлеуметтік қорғау шараларын анықтау қызметтерін МӘС бөлімдеріне бармай-ақ алуға мүмкіндік береді.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-almaty/press/news/details/1281856?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді