Сапалы білім және жаңа технологиялар: Маңғыстауда Тамыз кеңесі өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін, 28 тамызда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі облыстық Тамыз кеңесіне қатысты.

Алдымен облыс әкімі «Сапалы білім, берік құндылық, табысты тұлға: жаңа оқу жылындағы міндеттер» тақырыбындағы көрмені аралап, білім беру саласына енгізіліп жатқан заманауи жобалармен танысты. Көрмеде STEAM білім беру, жасанды интеллект негізіндегі шешімдер, жобалық оқыту, робототехника және бағдарламалау, стартаптар мен цифрлық білім беру ресурстары таныстырылды.

Бұдан кейін Тамыз кеңесінің пленарлық отырысы өтіп, онда өткен оқу жылының қорытындылары сараланып, жаңа оқу жылына арналған басым міндеттер талқыланды.

Кеңесте сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұстаздар қауымын келе жатқан Білім күнімен құттықтап, білім беру саласын дамыту өңір үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

– Маңғыстау облысында білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірдегі демографиялық өсім білім беру инфрақұрылымын одан әрі жетілдіруді талап етеді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа мектептер ашылып, үш ауысымды мектептер саны 10-нан 3-ке дейін қысқарды. Бұл – жүйелі жұмыстың және педагогтердің кәсіби еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар республикалық деңгейде алғашқылардың бірі болып шұбатты оқушылардың тамақтану рационына енгіздік. Бұл – балалардың денсаулығын нығайтумен қатар, жергілікті өнім өндірушілерді қолдауға және ұлттық тағам мәдениетін дәріптеуге бағытталған маңызды бастама. Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді сапалы орындау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өйткені жас ұрпақты біліммен қаруландырып, әлемдік бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырудың кілті – ұстаздардың қолында, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша облыста білім сапасының орташа көрсеткіші 66,57 пайызды құрап, өткен оқу жылымен салыстырғанда 1,46 пайызға өсті. Өңірдің білім беру ұйымдарының 90 пайызы оң динамика көрсетті.

Дарынды оқушылар да республикалық және халықаралық додаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Жыл ішінде 549 оқушы білім жарыстарына қатысып, 271 медаль иеленді. Оның ішінде 44 алтын, 92 күміс және 134 қола медаль бар.

2026 жылғы ҰБТ нәтижесінде облыс бойынша 3 554 түлек мемлекеттік білім грантына ие болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 265 грантқа артық. Оның ішінде 1 995 түлек нысаналы грантпен қамтылды. Сонымен қатар ҰБТ нәтижелері бойынша Маңғыстау облысы республикалық рейтингтегі көрсеткішін жақсартып, соңғы екі жылда 19-орыннан 13-орынға көтерілді.

Білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңірдегі білім беру ұйымдары заманауи қауіпсіздік құралдарымен және жоғары жылдамдықты интернетпен толық қамтылды. 1-4 сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санаттағы балалар тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

Жаңа оқу жылында білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуге, оқушыларды PISA, TIMSS және PIRLS халықаралық зерттеулеріне жүйелі дайындауға, сондай-ақ AI, инжиниринг, 3D-модельдеу және робототехника бағыттарындағы тегін қосымша білім беру үйірмелерін екі есеге арттыруға басымдық беріледі.

Тамыз кеңесі барысында білім беру саласының үздік өкілдеріне мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды. Педагогтер «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, сондай-ақ «Еңбек ардагері», «Ы. Алтынсарин» және «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.

«Орта білім беретін үздік ұйым» марапатына «Білім-инновация» лицей-интернаты, ал «Техникалық және кәсіптік, орта білімінен кейінгі білім беретін үздік ұйым» марапатына Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі ие болды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1282038?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді