
Оқу жылының қарсаңында жыл сайын жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудің көкейтесті мәселелерін ортаға салып, еркін ой бөлісу – игі дәстүр. Жылдар бойы дәстүрге айналған тамыз кеңесі өткен оқу жылына терең талдау жасап, өзекті мәселелерді анықтауға, жаңа оқу жылына жаңа міндеттер қоюға мүмкіндіктер береді. Қазіргі таңда жас ұрпақ тәрбиесіне, сапалы да заманауи білім алуына барынша жағдай жасалып, білім беру ісіне айрықша назар аударылып келеді. Балалардың сапалы білім алуына, олардың жоғары жетістіктерге жетуіне жан-жақты жағдайлар жасалуда.
Аудандық мәдениет үйінде аудандағы білім саласы қызметкерлерінің жаңа оқу жылының басталуына арналған «Білім сапасы мен адами капитал: Жаңа оқу жылындағы басымдықтар» тақырыбында тамыз кеңесі өтті. Шараға Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының бөлімше басшысы Нұрлан Қорғанбай, Алматы қаласы, Алмалы ауданы, №96 жалпы білім беретін мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жібек Жарболова, Сарысу ауданының әкімі Сакен Мамытов, Сарысу аудандық мәслихатының төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов, білім саласының ардагерлері, білім беру ұйымдары, бірқатар мекемелер қатысты.
Жиын барысында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің білім саласы қызметкерлеріне арналған арнайы бейне құттықтауы көрсетіліп, аудандық білім бөлімінің басшысы, бірқатар ұстаздар баяндама жасады. Ауданның білім саласына қосқан елеулі үлесі мен жемісті еңбегі үшін білім беру мекемелерінің бірқатар қызметкерлері марапатталды. Шараның соңы қазақ эстрадасының «Жігер» тобы сазды әндерін әнсүйер көпшілікке тартуымен концерттік бағдарламасына ұласты.
Білім мен тәрбиенің ордасы, жас жеткіншектердің тәрбиесіне бар саналы ғұмырын арнап жүрген – аяулы ұстаздар еңбегі әрқашанда айрықша алғысқа, шынайы құрметке лайықты. Қай кез, қандай заман болмасын ұстаздарға көрсетілер құрметпен қатар, айтылар тілек те, қойылар талап та көп. Еліміздің болашағы – білімді, зерделі жастардың қолында. Қазіргі білім мазмұнының жаңарған кезеңінде оны тәрбиемен жаңаша ұштастырып, сапасын көтеру – ұстаздарға жүктелген абыройлы міндет. Ұстаздарымыздың беделдері биік, жаңа оқу жылы жемісті болсын.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-sarysu/press/news/details/1282381?lang=kk

Жауап қалдыру