
Қызылқақ ауылында өңір басшысы «Мендеш» шаруа қожалығының егістік алқаптарына барды. Дәнді және майлы дақылдар егілген егіс алқаптарының жалпы көлемі 22 мың га құрайды. Шаруашылықта 30 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған және 35 адам еңбек етеді.
«Мендеш» шаруа қожалығы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға да белсенді көңіл бөлуде. Соңғы бес жылда мұнда 10 екі пәтерлі тұрғын үй салынып, шаруашылық жұмысшылары мен қоныс аударушылар арасынан 18 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. 2027 жылы тағы 10 отбасына арналған 5 екі пәтерлі үй салу жоспарлануда.
Сонымен қатар Асайын Байханов «Абай» ЖШС мен «Нұрас» шаруа қожалығының егістік алқаптарына барып, диқандармен бірге егін жинау науқанының барысын және мемлекеттік қолдау шараларын талқылады. Биыл қуаңшылыққа қарамастан, Ертіс ауданында дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 10 центнерді құрап отыр.
Мұндай көрсеткіштерге сапалы тұқым материалын дұрыс таңдау, заманауи агротехнологияларды қолдану, дайындық жұмыстарын, егіс науқанын және егін жинауды уақтылы жүргізудің арқасында қол жеткізілді.
Ертіс ауданы облыстың негізгі астықты өңірлерінің бірі саналады. Биыл мұндағы егіс алқабының көлемі 324,6 мың га құрады. Оның ішінде дәнді дақылдардың шамамен 70% жиналды. Егін жинау науқанын өткізу үшін диқандарға 48 жеңілдетілген несие бөлінді, сондай-ақ төмендетілген бағамен 6,5 мың тонна дизель отыны берілді.
– Үшінші жыл қатарынан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеміз. Бүгінде облыстың егістік жерлерінің 45% майлы дақылдар алып жатыр. Оларға деген сұраныс ішкі нарықта да, экспорттық нарықтарда да артып келеді. Күрделі ауа райы жағдайларына қарамастан, диқандар егіс науқанын уақытылы өткізіп, алдын ала дайындық жұмыстарын сапалы жүргізудің арқасында қиындықтардың алдын алды. Ауыл шаруашылығы техникасын тұрақты жаңартып отыру да маңызды рөл атқарады, – деді Асайын Байханов.
Өңір басшысы диқандарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау жалғаса беретінін атап өтті. Бүгінде басты міндет – егін жинау науқанын толық көлемде әрі оңтайлы мерзімде аяқтап, жиналған өнімнің сақталуын қамтамасыз ету және өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамыту үшін берік негіз қалыптастыру.
Жұмыс сапары барысында жол инфрақұрылымын жаңартуға да ерекше назар аударылды. Голубовка мен Қызылқақ ауылдарын жалғайтын автожолдың 19,5 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстардың 90% орындалып, 16,9 км жолға асфальтбетон жабыны төселді. Жөндеу жұмыстарын 1 қазанға дейін толық аяқтау жоспарлануда.
Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру үшін өңір басшысы аудан әкімдігіне салалық басқармамен бірлесіп, келесі жылы жөнделетін жолдардың жобаларын қазірден бастап пысықтауды тапсырды. Бұл ретте бірінші кезекте жаңартуды қажет ететін жолдарға басымдық беру қажет.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1282542?lang=ru

Жауап қалдыру