ОТЫРАРДА 1142 БҮЛДІРШІН АЛҒАШ РЕТ МЕКТЕП ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін аудандағы білім беру ұйымдарында жаңа 2026-2027 оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиын өтті. Аудандағы 41 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 1142 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Биыл аудандағы оқу ордаларында жалпы 12500-ге жуық оқушы білім алмақ.

Білім күнінде Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай аудан орталығындағы Ш.Қалдаяқов атындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназиясында өткен алғашқы қоңырау салтанатты шарасына арнайы қатысты. Аудан басшысы алдымен мектептегі бастауыш және жоғары сыныптарды аралап, жаңа оқу жылына қадам басқан оқушылармен кездесті. Республикалық, обыстық байқаулардың жеңімпаздарымен пікірлесіп, мектептің жаңадан жабдықталған заманауи техникалық базасын көрді.

Ол өз сөзінде: “Өздеріңізге белгілі, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес балалардың жарқын болашағы үшін мемлекеттік деңгейдегі шаралар қабылданып, жоспарлы міндеттер алға қойылды. Мектептерде цифрлық технологияларға басымдық беріліп, жаңа кітаптармен толықты.

Әрине барлық балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау міндетіміз. Осы мақсатта аудандағы барлық білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етілді. Биыл жаңа оқу жылына дайындық барысында бірқатар білім нысандарында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Баршаңызды айтулы мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, мемлекетіміздің кемел саясатын іске асырудағы еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін” – деді.

Сонымен қатар, шара барысында Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдасқұан қылмысқа қарсы күрес басқармасының басшысы, полиция полковнигі Ғалымбек Қанатұлы, ардагер ұстаз Мейрамкүл Тұрлыбек жас ұрпаққа ұлағатты сөздерін арнап, алдағы күндеріне сәттілік тіледі.

Айта кету керек, өткен оқу жылы білім саласы үшін табысты болды. 78 түлек «Алтын белгі», 68 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Оқушылар республикалық және халықаралық олимпиадалар мен түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып, ауданымыздың абыройын асқақтатты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/1283639?lang=ru