
Білім күніне орай Төлеби ауданына қарасты Ынтымақ ауылында 150 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Заманауи білім ордасының ашылу салтанатына аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бағдатбек Жанғазиев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулат Әбіш, мектеп ұжымы, ата-аналар, оқушылар және ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты іс-шара барысында Бағдатбек Пердебайұлы пен Дулат Назарбекұлы ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтап, жаңа ғимараттың ел игілігіне берілуімен ауыл тұрғындарына жылы лебіздерін білдірді.
Бұған дейін Ынтымақ ауылындағы мектеп ескі ғимаратта орналасқан болатын. Ауыл тұрғындарының сұранысы ескеріліп, білім алушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында мектепке арнап жаңа ғимарат салынды.
Жаңа мектептің жалпы аумағы 2 705 шаршы метрді құрайды. Жобаның құны – 1 млрд 501,2 млн теңге. Білім ордасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда оқу кабинеттері, асхана, спорт залы, футбол және волейбол алаңдары, балалар ойын алаңдары қарастырылған.
Оқушылардың еңбекке деген қызығушылығын арттыруға да ерекше көңіл бөлінген. Мектепте арнайы еңбек кабинеттері мен қосымша ғимаратта ағаш ұсталығы, слесарлық жұмыс, тігіншілік және аспаздық бағыттар бойынша тәжірибелік дағдыларды меңгеруге мүмкіндік жасалған.
Айта кетейік, жаңа ғимараттың құрылысына Түркістан облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш те қолдау көрсетіп, жобаның жүзеге асуына үлес қосты. Құрылыс жұмыстарын «Ar Kua Group» ЖШС жүргізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1283713?lang=ru

Жауап қалдыру