Астанада штат қысқартылған кезде жұмыскерлерге қандай құқықтар мен төлемдер қамтамасыз етілетіні айтылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Биыл Астанада 149 ұйымның 547 қызметкерімен еңбек шарты штат санының немесе штатының қысқартылуына байланысты бұзылған. Бұл рәсімнің қалай жүргізілетіні туралы Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті басшысының орынбасары Мұрат Шәкенов айтып берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Спикердің айтуынша, штат санының немесе штатының қысқартылуы – жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзуға негіз болатын жағдайлардың бірі. Алайда жұмыс берушінің штатты қысқарту жөніндегі ұйымдастырушылық шараларды жүргізуі қызметкердің еңбек құқықтарының автоматты түрде тоқтатылуын білдірмейді.

Қазақстан Республикасының заңнамасында қызметкерді жұмыстан босатудың нақты тәртібі мен оның құқықтарын қорғауға бағытталған кепілдіктер қарастырылған. ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шарты қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылған жағдайда бұзылуы мүмкін.

«Еңбек кодексінің 53-бабы 1-тармағына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерге еңбек шартының алдағы уақытта бұзылатыны туралы кемінде бір ай бұрын хабарлауға міндетті. Қызметкердің жазбаша келісімі болған жағдайда еңбек шарты хабарлама мерзімі аяқталғанға дейін де бұзылуы мүмкін.

Әлеуметтік кодекстің 103-бабына сәйкес, жұмыс беруші алдағы уақытта жұмыстан босатылатын қызметкерлер туралы ақпаратты босатуға дейін кемінде бір ай бұрын Enbek.kz жүйесіндегі жеке кабинеті арқылы электронды түрде мансап орталығына ұсынуға міндетті.
Зейнет жасына жетуіне екі жылдан аз уақыт қалған қызметкерлерге ерекше назар аудару қажет. Оларды қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылуына байланысты жұмыстан босатуға жол берілмейді.

Еңбек кодексінің 131-бабына сәйкес, қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылуына байланысты еңбек шарты бұзылған кезде жұмыс беруші қызметкерге бір айдағы орташа жалақысы мөлшерінде өтемақы төлеуге міндетті. Еңбек немесе ұжымдық шартта төлемнің бұдан да жоғары мөлшері көзделуі мүмкін», – деді спикер.

Еңбек кодексінің 113-бабы 4-тармағына сәйкес, қызметкерге тиесілі барлық төлем еңбек шарты тоқтатылғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей берілуі тиіс.
Қызметкерлерді қысқарту кезінде жұмыс беруші бірқатар талаптың сақталуын қамтамасыз етуі қажет. Атап айтқанда, қысқартуға нақты ұйымдастырушылық негіз болуы, қызметкерге тиісті тәртіппен алдын ала хабарлануы және жекелеген санаттағы қызметкерлерге қатысты заңда белгіленген кепілдіктердің сақталуы керек.
Еңбек шартын бұзу жұмыс берушінің тиісті актісімен рәсімделеді. Бұл құжаттың көшірмесі қызметкерге берілуі тиіс. Сонымен қатар жұмыс беруші қызметкерге оның еңбек қызметін растайтын құжатты ұсынуға міндетті.

Егер жұмыс беруші қызметкерге тиесілі төлемдерді төлемесе немесе жұмыстан босату тәртібін бұзса, қызметкер мемлекеттік еңбек инспекциясына, келісу комиссиясына немесе сотқа жүгінуге құқылы. Бұл ретте еңбек қатынастарын растайтын құжаттардың болғаны жөн.
«Биыл Астанада 149 ұйымның 547 қызметкерімен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен қызметкерлер саны немесе штатының қысқартылуына байланысты бұзылды. Яғни барлығы 1330 қызметкерге алдағы қысқарту туралы хабарлама жіберілді. Олардың 65-і басқа ұйымдарға жұмысқа орналастырылды, 144 қызметкер жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алып отыр.

Қызметкер қысқартылған кезде үш негізгі кепілдікті есте сақтауы маңызды: алдағы жұмыстан босату туралы алдын ала хабарлау; бір айдағы орташа жалақы мөлшерінде өтемақы төлеу; жалақы мен пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны қоса алғанда, түпкілікті есеп айырысу.

Қысқарту кезінде белгіленген тәртіптің сақталуы – қызметкердің әлеуметтік қорғалуына кепілдік беретін және заңды әрі әділ еңбек қатынастарының маңызды бөлігі», – деп қорытындылады ведомство басшысының орынбасары.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1284569?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді