Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Облыс әкімінің жеке қабылдауына өңірдің 13 тұрғыны келді. Олардың басым бөлігі елді мекендерді абаттандыру және дамытуға қатысты мәселелерді көтерді.

Атап айтқанда, Хромтау ауданының Абай ауылының тұрғыны елді мекенді дамыту және абаттандыруға қатысты, Шалқар ауданы Шетырғыз ауылдық округіне қарасты ауыл тұрғыны елді мекенді газдандыру туралы мәселені жеткізді. Қобда ауданы Әлия ауылының тұрғыны жолдың жағдайын жақсартуды сұрады. Ақтөбе қаласының тұрғындарының бірі көшелерді абаттандыру туралы сұрақты қаузаса, тағы бір ақтөбелік құрылысы ұзаққа созылған «Авиатор Премиум» тұрғын үй кешенін пайдалануға беру мәселесін шешіп беру жайлы өтінішін айтты.

Қабылдау барысында инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға қатысты мәселелер де қаралды. Өтініш иелері полистиролбетон блоктарын өндіру жобасын іске асыруға қаржылай қолдау көрсету және шаруа қожалығының өндірістік базасын электрмен жабдықтау мәселесін шешуге ықпал етуді сұрай келіпті.

Азаматтардың жеке мәселелері де назардан тыс қалмады. Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылының тұрғыны жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен қызының денсаулығы туралы айтып, оны оңалтуға көмек көрсетуді сұрады.

Хромтау ауданы Ақжар ауылының тұрғыны өндірістік жарақатының салдарынан II топ мүгедегі болып қалған. Бұл азаматтың туындаған мәселелерді шешіп берсе деген тілегі бар.

Жеке қабылдау қорытындысы бойынша Асхат Шахаров жауапты мемлекеттік органдарға азаматтардың барлық өтінішін жан-жақты қарауды тапсырды. Көтерілген мәселелер қолданыстағы заңнамамен зерделеніп, тиісті шешімдер қабылданады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-aitekebi/press/news/details/1286274?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді