
Қазақстан Республикасының 1997–2000 жылдардағы Бас Прокуроры, көрнекті мемлекет қайраткері, заңгер, әділет генерал-лейтенанты Юрий Александрович Хитриннің туғанына 80 жыл толуына орай облыс прокуратурасы органдарының қызметкерлері арасында шахматтан турнир ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – прокуратура органдарының дамуына елеулі үлес қосқан тұлғаның өнегелі еңбек жолын ұлықтау, қызметкерлер арасында зияткерлік спортты дамыту, салауатты бәсекелестік пен командалық рухты нығайту.
Юрий Александрович Хитрин (1946–2004) 1946 жылғы 24 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. 1970 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдаған.
Еңбек жолын прокуратура органдарында бастап, әр жылдары әскери прокурор және Бас әскери прокурор қызметтерін атқарды. 1997–2000 жылдары Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қызметін атқарса, 2000–2004 жылдары Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы болды.
Юрий Хитрин Қазақстанның прокуратура органдарының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосып, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту жолында абыройлы қызмет атқарды. Оның кәсіби жолы жас буын қызметкерлер үшін жоғары жауапкершіліктің, адалдықтың және мемлекет мүддесіне деген адал қызметтің жарқын үлгісі болып қала береді.
Шахмат турнирінің де өзіндік мәні бар. Шахмат – ойыншылардан ой ұшқырлығын, сабырлылықты, стратегиялық ойлауды, бірнеше қадам алға болжам жасай білуді және қабылданған әрбір шешімге жауапкершілікпен қарауды талап ететін зияткерлік спорт түрі. Бұл қасиеттер прокуратура қызметкерлерінің күнделікті кәсіби қызметінде де маңызды рөл атқарады.
Турнирге облыс прокуратурасы органдарымен қатар, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті, Оңтүстік өңірінің әскери прокуратурасы және Жамбыл көлік прокуратурасының қызметкерлері қатысты.
Жарыс барысында қатысушылар өздерінің шеберліктерін, логикалық ойлау қабілеттерін және спорттық дайындығын көрсетті. Турнир қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, оларға бағалы сыйлықтар табысталды.
Іс-шара қатысушыларға салауатты бәсекелестік жағдайында тәжірибе алмасып, әріптестік байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.
Юрий Хитриннің өмірі мен кәсіби қызметін дәріптеуге бағытталған мұндай іс-шаралар жас ұрпаққа тағылымды тұлғаның өнегесін насихаттап, прокуратура органдары қызметкерлерінің кәсіби және рухани сабақтастығын нығайтуға ықпал етеді.
Жамбыл облысының прокуратурасы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-zhambyl/press/news/details/1286273?lang=ru

Жауап қалдыру