
Аймақ басшысы Берік Уәлидің аудан тұрғындарымен кездесуі Абай ауданынан басталды.
Облыс әкімі өңірдің және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы жоспарлар туралы халыққа есеп берді.
Жиында алдымен Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов ауданның 2025-2026 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Аймақ басшысы өңірдің жалпы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне жан жақты тоқталып, Абай ауданында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Облыста экономиканың барлық саласында оң өсім сақталып отыр. Атап айтқанда, құрылыс саласында – 123,1%, инвестицияда – 116,1%, көлік саласында – 115,8%, ішкі саудада – 105,3%, ауыл шаруашылығында – 103,8%, өнеркәсіпте – 102%, байланыс саласында 101,5% өсім қамтамасыз етілді.
Абай ауданы үшін негізгі бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы. Жеті айда ауданда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 34,3 млрд теңгені құрады. Биыл аудан шаруалары 15 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Сондай-ақ, 2030 жылға дейінгі өңірлік инвестициялық жобалар картасы аясында ауданда жалпы құны 3,1 млрд теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген.
Ауданда жаңа өндіріс орындарын ашу бағытында да ауқымды жобалар жоспарланған. Атап айтқанда, құны 255 млрд теңге болатын тау-кен байыту комбинатын салу көзделіп отыр. Жоба іске асқанда 1 800 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар өңірде іске қосылатын ет комбинатын тұрақты шикізатпен қамтамасыз ету үшін Абай ауданында 5 мың басқа арналған заманауи мал бордақылау алаңын салу міндеті қойылды.
Ауданның туристік әлеуетін арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығы аумағында тәулігіне 1000 адамға дейін қабылдай алатын «ABAY KUNANBAYULY VISITOR CENTER» заманауи визит-орталығын құру көзделген. Сондай-ақ, 640 гектар аумақта «Taukum Жидебай» этнотуристік кешені мен 25 нөмірге есептелген «Taukum Boutique Karaul» қонақ үйін салу жоспарланып отыр.
Кездесуде тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударылды. Қазір облыс бойынша сумен жабдықтау деңгейі 98,6 пайыз. Биыл Абай ауданындағы Архат ауылында су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Кеңгірбай би және Құндызды ауылдарында құрылыс жалғасуда. Қарауыл ауылындағы саябақ абаттандырылды.
Қарауыл ауылын жылумен қамту бағытында жаңа жоба жүзеге асырылуда. Көпқабатты тұрғын үйлер мен бірқатар әлеуметтік нысанды орталық жылу жүйесіне қосу үшін жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын жаңа жылу қазандығының жобасы әзірленген. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары басталып, нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары да кезең-кезеңімен жалғасуда. Биыл облыстық маңызы бар «Аягөз – Қарауыл – Семей – Қайнар» автожолының 51 шақырымын жөндеу басталды. «Қарауыл – Архат» бағытында 5 шақырым жол жөнделіп, тағы 5 шақырымында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Білім беру саласында Абай ауданындағы Бекбосынов атындағы орта мектеп жөнделуде. Кеңгірбай би ауылындағы балалар лагерінің құрылысын аяқтауға қаржы қарастырылып, нысанды биыл іске қосу жоспарланған.
Қазіргі таңда Көкбай және Саржал ауылдарында спорт модульдерінің құрылысы жүріп жатыр. «Қазақстан халқына» қорының «Kitap–Lab» жобасы аясында Қарауыл ауылындағы орталық кітапхана, Көкбай және Қасқабұлақ ауылдық кітапханалары жаңғыртылуда.
Ауданның цифрлық инфрақұрылымы да кезең-кезеңімен дамып келеді. Қазіргі уақытта Абай ауданындағы 11 ауылдық елді мекеннің барлығы интернет желісіне қосылған. «Жидебай-Бөрілі» туристік мекені де мобильді интернетпен толық қамтылған. Бұдан бөлек, «Саржал – Орда – Медеу» бағыттары бойынша талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде.
Кездесу барысында облыс әкімі аудан тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру мақсатында Абай аудандық ауруханасына жаңа санитариялық автокөліктер табысталатынын айтты. Атап айтқанда, ауруханаға «А» сыныбындағы 1 JAC Sunray және 2 «ГАЗель-NEXT» санитариялық автокөлігі берілді. Сонымен қатар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының теңгерімінен аудандық ауруханаға қосымша тағы 4 «Газель» санитариялық автокөлігін беру жоспарланып отыр.
Аймақ басшысы Абай ауданын дамыту бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
«Қазақ руханиятының ең биік шыңдары мен алып бәйтеректері шыққан қасиетті Абай жері – ел тарихы мен ұлттық құндылықтар тоғысқан киелі мекен. Аудан тұрғындарымен кездесуімді Абай ауданынан бастап отырмын. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру – маңызды міндеттердің бірі. Аудандағы өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешілетін болады», – деді Берік Уәли.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Облыс әкімі кездесуде көтерілген мәселелердің, айтылған ұсыныстардың ескерілетінін, ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын айтты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1285873?lang=ru

Жауап қалдыру