
Ақтөбеде өндірілетін ұн өнімдеріне шетелдік нарықтағы сұраныс артып келеді. Ақтөбеде орналасқан Granum кәсіпорны бүгінде өнімдерін Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Моңғолия және Қытайға экспорттап отыр.
Кәсіпорынның өндірістік тарихы 1991 жылдан басталады. Сол кезеңнен бері бидай өңдеу және ұн өнімдерін өндіру бағытында жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын бүгінде тұрақты өндірістік әрі экспорттық әлеует қалыптастырған.
«Granum» өнімдері ішкі нарықта да кеңінен ұсынылады. Кәсіпорын шығаратын өнімдер еліміздегі ірі сауда желілері, оның ішінде METRO және Magnum арқылы тұтынушыларға жеткізіледі.
Өндіріс заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Кәсіпорында итальяндық және швейцариялық өндірістің диірмен кешендері орнатылған. Жабдықтар тәулігіне 550 тоннаға дейін астық өңдеуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 100 мың тонна ұн және 20 мың тонна макарон өнімдерін өндіруге есептелген. Қазіргі таңда өндіріс орындарында 330 адам еңбек етеді.
Кәсіпорынның экспорттық географиясының кеңеюі Ақтөбеде өндірілетін агроөнеркәсіптік өнімдердің сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Бүгінде Granum өнімдері алты елге жеткізіліп, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға үлес қосып отыр.
30 жылдан астам уақыт ішінде кәсіпорын бидайды терең өңдеу, дайын өнім өндіру және оны сыртқы нарықтарға шығару бағытында тұрақты өндірістік тізбек қалыптастырды. Алдағы кезеңде кәсіпорынның экспорттық бағыттарды сақтап, өнім көлемін арттыруға мүмкіндігі бар.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-industiya-innovatsiya/press/news/details/1289881?lang=ru

Жауап қалдыру