Бірнеше минуттық көңіл көтеру айыппұлға, пиротехниканы тәркілеуге, тіпті әкімшілік қамауға әкелуі мүмкін

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Полиция пиротехниканы пайдалану талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік бар екенін еске салады. Бірнеше минуттық мерекелік көңіл көтеру айыппұлға, әкімшілік қамауға және пиротехниканы тәркілеуге әкелуі мүмкін. Қарағанды облысының полициясы пиротехниканы заңсыз пайдалануға бақылауды күшейтті. Көпқабатты үйдің ауласында атылған мерекелік салюттің соңы мерекемен емес, әкімшілік жауапкершілікпен аяқталуы мүмкін. Қарағанды облысында тұрғындар түнгі уақытта тұрғын үйлердің аулаларында, мейрамханалар, түнгі клубтар, саябақтар мен басқа да қоғамдық орындардың маңында қатты дыбыспен фейерверк ататындарға қатысты полицияға жиі шағымдануда. Салют атқан адам үшін бұл – бірнеше минуттық көңіл көтеру. Ал айналадағылар үшін – тыныштықтың бұзылуы, балалар мен қарттардың шошуы, өрт шығу қаупі, мүліктің бүлінуі және адам өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп. Пиротехниканы көпқабатты үйлерге, автокөліктерге, ағаштарға, электр желілеріне және басқа да нысандарға жақын жерде пайдалану аса қауіпті. 2026 жылдың басынан бері Қарағанды облысының полицейлері пиротехникалық бұйымдарды пайдалану қағидаларын бұзудың төрт фактісін анықтады. Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды. Полиция пиротехниканың ойыншық емес екенін еске салады. Бұл – қауіп деңгейі жоғары құрал, сондықтан оны пайдалану кезінде белгіленген талаптарды қатаң сақтау қажет. ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабына сәйкес, елді мекендерде және бұл үшін арнайы бөлінбеген орындарда пиротехникалық бұйымдарды пайдалану азаматтардың тыныштығын және белгіленген тәртіпті бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Сонымен қатар құқық бұзушының әрекеті әкімшілік құқық бұзушылықтың өзге құрамдары бойынша саралануы мүмкін. Мұндай жағдайда жауапкершілік те қатаң болуы ықтимал. Жауапкершілік пиротехниканы тікелей іске қосқан адамға ғана қатысты емес. Қоғамдық тәртіптің бұзылуына әкеп соққан іс-шараларды ұйымдастырушыларға ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық) бойынша қолданылуы мүмкін. Құқық бұзушылықтың мән-жайына қарай бұл бап бойынша әкімшілік қамауға алу да көзделген. Егер құқық бұзушылықты кәмелетке толмаған адам жасаса, заңда белгіленген жағдайларда жауапкершілік оның ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жүктелуі мүмкін. –  Мереке әкімшілік іске айналмауы үшін қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтап, айналадағы адамдардың тыныштығын құрметтеу қажет. Пиротехниканы тек арнайы белгіленген орындарда пайдаланған жөн. Тұрғын үйдің ауласында немесе тұрғын ғимараттардың жанында фейерверк ату азаматтардың тыныштығын бұзып қана қоймай, қауіпсіздікке нақты қатер төндіруі мүмкін, – деді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Каиров. Полиция азаматтарға тыныштықты сақтау талаптарын да еске салады. ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабына сәйкес, тыныштықты: жұмыс күндері – сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін; демалыс және мереке күндері – сағат 23:00-ден 10:00-ге дейін сақтау қажет. Пиротехникалық бұйымдарды тек арнайы белгіленген әрі қауіпсіз орындарда пайдалануға болады. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы орган мерекелік іс-шаралар өткізу үшін белгілеген алаңдарда немесе елді мекендерден тыс жерлерде барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып қолданылуы тиіс. Көпқабатты үйдің ауласы, автотұрақ, тұрғын үйдің маңы немесе автокөліктердің жанындағы аумақ – салют ататын орын емес. Полиция тұрғындар мен өңір қонақтарын бірнеше минуттық мерекелік көңіл көтеруді әкімшілік жауапкершілікке ұрынатын жағдайға жеткізбеуге, ең бастысы, өздерінің және айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндірмеуге шақырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1290150?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді