«ҚАЗАҚСТАН БАЛАЛАРЫ» ТҰЖЫРЫМДАМАСЫНЫҢ ӨҢІРДЕ ІСКЕ АСЫРЫЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қызылорда облысының Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармасында «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын өңірде іске асыру мәселелері қаралды. Басқосуда бағдарламаның 2026–2030 жылдарға арналған ведомствоаралық жұмыс жоспарының орындалу барысы талқыланды.

Жиынға балалардың құқықтарын қорғау, білім беру және тәрбие саласына жауапты мамандар қатысып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдер арасында заң мен тәртіп қағидаттарын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар пысықталды.

Басқарма басшысы Ерлан Бәкіров әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүруі, сапалы білім алуы, өз қабілетін дамытуы және құқықтарының толыққанды қорғалуы – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
Аймақта «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында арнайы ведомствоаралық жұмыс жоспары бекітілген. Құжат балалардың құқықтарын қорғаудың негізгі бағыттарын қамтып, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейтуге бағытталған.

Жиын барысында жұмыс жоспарының 36, 37 және 40-тармақтарының орындалуына ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, 36-тармақ аясында орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын базалық ұйымдар ретінде айқындау, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру бойынша үздік тәжірибелерді енгізу және тарату мәселелері қаралды.
37-тармақ бойынша ерекше назар аударуды қажет ететін балалардың аталған тәрбие бағдарламасының іс-шараларына толыққанды қатысуын қамтамасыз ету тетіктері талқыланды.
Сонымен қатар, «Заң мен тәртіп» жобасын кезең-кезеңімен кеңейту мәселесі қаралды. Жоспарға сәйкес, 2026 жылы жоба 50 мектепті қамтуы тиіс.

Отырыста басқарманың балалардың құқығын қорғау, қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің басшысы Шолпан Жүнісова және Қызылорда облысының білім басқармасының тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының директоры Фархад Досаев баяндама жасап, негізгі талдауларды ұсынды.
Жиын қорытындысында ведомствоаралық жұмыс жоспарының тиісті тармақтарын сапалы әрі уақытылы орындау, іс-шараларды нақты нәтижеге бағыттау қажеттігі атап өтілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/balakorgau-kzl/press/news/details/1290541?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді