ЖЕҢІСКЕ БАСТАР ЖОЛ – ЕҢБЕК ПЕН ТАБАНДЫЛЫҚ.

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Жеңіс – еңбектен, биік белес – табандылықтан
Бүгін Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы «ARM Sport» клубының спортшыларымен арнайы кездесіп, оларды Спортшылар күнімен құттықтады.
Кездесу барысында аудан әкімі спортшылардың халықаралық және республикалық жарыстарда көрсетіп жүрген жоғары нәтижелерін атап өтіп, әрбір жетістіктің артында тынымсыз еңбек, күнделікті жаттығу, тәртіп пен табандылық, жаттықтырушылардың кәсіби еңбегі және ата-аналардың қолдауы тұрғанын жеткізді.
Спорт – жеңіс пен жүлденің ғана емес, тәртіп пен жауапкершіліктің, төзімділік пен жігердің үлкен мектебі. Спортпен айналысқан жас өз алдына мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында еңбек етуге, қиындыққа төтеп беруге және жеңілістен сабақ алып, қайта талпынуға үйренеді.
Шардара ауданында спорттың орны қашанда ерекше. Өйткені өңірден ел намысын қорғап, халықаралық ареналарда Қазақстанның көк Туын көкке көтеріп жүрген талай мықты спортшы шыққан.
Осы бағыттағы ең жарқын мысалдардың бірі – «ARM Sport» клубы. Бүгінде өзінің 25 жылдық тарихын қалыптастырған клуб Шардара спортының өзіндік мектебіне айналып, талай жас спортшыны үлкен додаға дайындап келеді.
Клуб спортшыларының қоржынында бүгінде:
72 әлем чемпионы,
26 әлем кубогының иегері,
209 Азия чемпионы,
50 Азия кубогының жеңімпазы,
359 Қазақстан чемпионы бар.
Бұл – жай ғана статистика емес. Әр көрсеткіштің артында жылдар бойғы тынымсыз дайындық, маңдай тер, жеңілістен кейін қайта тұра білу, жаттықтырушының еңбегі, ата-ананың қолдауы және спортшының өз мақсатына деген сенімі жатыр.
Кездесуде «АРМСПОРТ АРЛАНДАРЫ» атты кітаптың тұсаукесері де өтіп, жаңадан жарық көрген кітап іс-шараға қатысқан оқырмандарға тарту етілді.
Бұл кітап – бір клубтың ғана тарихы емес, ширек ғасыр бойы қалыптасқан еңбек, ізденіс, жеңіс және сабақтастықтың шежіресі. Клубтан түлеп ұшқан спортшылардың жетістіктері бүгінгі жас буынға үлгі болып, олардың спортқа деген қызығушылығын арттырары сөзсіз.
Аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлының спорт саласына көзқарасы да ерекше. Себебі ол спортты сырттай бақылап отырған басшы ғана емес, спорттың қыр-сырын ішінен білетін, спортшының еңбегі мен жаттықтырушының жауапкершілігін жақсы түсінетін азамат.
Өзінің спорт саласындағы тәжірибесін бүгінде аудан басшысы ретінде ел игілігіне бағыттап келеді. Жастардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік жасау, бұқаралық спортты дамыту, жас таланттарға қолдау көрсету, спортшылардың жетістігін бағалау және насихаттау – ауданның әлеуметтік дамуының маңызды бағыттарының бірі.
Арман Романұлы спортшыларға:
– Сіздердің әрбір жеңістеріңіз – Шардараның ғана емес, күллі Қазақстанның жеңісі. Халықаралық аренада көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқату – үлкен мәртебе. Еңбектеріңіз жемісті болып, алдағы жарыстарда биік белестерді бағындыра беріңіздер. Ел абыройын асқақтатып, Шардараның спорттағы даңқын одан әрі арттыра берулеріңізге тілектеспін! – деді.
Нағыз чемпион бір күнде қалыптаспайды. Оның артында таңғы жаттығу, күнделікті тәртіп, талай сынақ, табандылық пен өз-өзімен күрес тұрады.
Бүгінгі чемпион – ертеңгі жас спортшыға үлгі. Бір спортшының жеңісі талай баланың жүрегіне арман ұялатып, оны үлкен мақсаттарға жетелейді.
Сондықтан Шардарада спортты дамыту, балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту, ауыл жастарына мүмкіндік жасау, спортшыларды қолдау және қалыптасқан дәстүрді жалғастыру – маңызды міндет.
Жеңіс – еңбектенгенге, биік белес – табандылық танытқанға бұйырады!
Шардара спортының мерейі үстем, жеңісті жолы жалғаса берсін!
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1290542?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді