
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет — халық денсаулығын қорғауда жауапкершілігі мол, кәсіби біліктілікті және үлкен тәжірибені талап ететін маңызды сала. Осы қызметте ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, өз кәсібіне адалдығымен танылған мамандардың бірі — Шаймерденова Маржан Какентаевна.
Маржан Какентаевнаның еңбек жолы 1980 жылы басталды. Орта арнаулы медициналық және жоғары биологиялық білім алған ол 1985 жылы санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласына келді. Ульянов санитариялық-эпидемиологиялық станциясында дәрігер-энтомологтың көмекшісі болып қызмет атқарып, кейін дәрігер-эпидемиологтың көмекшісі ретінде жұмысын жалғастырды. Осы кезеңнен бастап санитариялық қызмет оның кәсіби өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.
Кәсіби ізденіс пен еңбек тәжірибесі жылдар өте келе молайып, Маржан Какентаева жауапты қызметтер атқарып, білікті маман ретінде қалыптасты. Әр жылдары санитариялық-эпидемиологиялық станцияның дезинфекциялық бөлімін басқарды. Санитариялық қызмет мемлекеттік қызмет жүйесіне өткеннен кейін, 2000 жылдары Бұқар-Жырау аудандық мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет басқармасында жетекші және бас маман қызметтерін атқарды.
2014 жылы басқарманың эпидемиологиялық бөлімін басқарды. Зейнеткерлікке шыққанға дейін осы қызметте еңбек етіп, эпидемиологиялық қауіптердің алдын алу, профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға өз үлесін қосты.
Маржан Какентаевнаның еңбек жолы — күнделікті жауапкершілікпен атқарылған жұмыс, кәсіби тәжірибемен шыңдалған жылдар және кейінгі буын мамандарына берілген мол өнеге. Ол жинақтаған білімін әріптестерімен бөлісіп, жас мамандардың кәсіби қалыптасуына да үлес қосты.
35 жылдан астам уақытын санитариялық-эпидемиологиялық қызметке арнауы — Маржан Какентаевнаның таңдаған мамандығына деген адалдығының айқын көрінісі. Оның кәсіби жолы халық денсаулығын қорғау ісіне деген жауапкершіліктің және өз ісіне деген беріктіктің жарқын үлгісі болып қала береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-karaganda/press/news/details/1292192?lang=ru

Жауап қалдыру