ОТЫРАРДА «АРҚАЛЫҚТЫҢ АҚ ТАҢЫ» СПЕКТАКЛІ САХНАЛАНДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Ұлы өркениеттің алтын бесігі, ғылым мен білімнің, мәдениет пен руханияттың терең тамыры жатқан қасиетті Отырар жерінде Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының «Арқалықтың ақ таңы» спектаклі сахналанды.
Аталған қойылым Арқалық қаласының құрылғанына 70 жыл және мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф, ұлт руханиятының жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толуына орай ұйымдастырылған мәдени іс-шаралар аясында ұсынылды.
Спектакльдің Отырар төрінде қойылуының өзіндік мәні бар. Себебі Отырар – қазақ халқының тарихы мен руханияты тоғысқан, сан ғасырлық мәдени сабақтастықтың куәсі болған қасиетті мекен. Осы тұрғыдан алғанда, қойылым арқылы Арқа өңірінің өнері мен Сыр бойының тарихи-мәдени мұрасы өзара үндестік тапты.
Қойылымның негізгі өзегінде Өзбекәлі Жәнібековтің ұлт тарихын жаңғыртуға, мәдени мұраны сақтауға және елдік сананы қалыптастыруға қосқан өлшеусіз еңбегі көрініс тапты. Оның ғұмырлық мұрасы – ұлттық тарихи жадымызды жаңғыртуға, төл мәдениетімізді дәріптеуге және жас ұрпақтың бойына елдік құндылықтарды сіңіруге бағытталған тағылымды жол.
Кеш барысында қазақ өнерінің көрнекті тұлғаларының шығармашылығына да кеңінен орын берілді. Атап айтқанда, қазақ ән өнерінің саңлағы Шәмші Қалдаяқовтың әуезді әндері мен ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың елдік рухқа толы жырлары көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының өнерпаздары тарихи оқиғалар мен рухани құндылықтарды сахналық қойылым арқылы шебер жеткізіп, көрерменге тағылымы мол әсерлі кеш тарту етті.
Мәдени шара барысында өнердің ұлт тарихын танытудағы, рухани сабақтастықты нығайтудағы және жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырудағы маңызы айқын көрінді.
Отырар төрінде өткен бұл мәдени кеш Арқа өңірінің өнері мен Сыр бойының қасиетті топырағын тоғыстырып, тарих пен тағылым, өнер мен руханият үндескен мазмұнды шара ретінде есте қалды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-audany/press/news/details/1292359?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді