СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР САРАЛАНДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ордабасы ауданында бұқаралық спортты дамыту және жас спортшылардың спорттық шеберлігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жетілдіру мәселелері қаралды.

Аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз Темірлан спорт клубы мен Ұлттық спорт клубының басшыларымен кездесіп, жыл басынан бергі атқарылған жұмыстардың нәтижесін талқылады.

Бүгінде Темірлан спорт клубында 8 спорт түрі бойынша 826 оқушы жаттығады. Ал Ұлттық спорт клубында 7 бағыт бойынша 622 бала спортпен тұрақты айналысады. Жас спортшылар түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, аудан намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындардан көрініп жүр.

Кездесуде спорттағы жетістіктермен қатар, әлі де назар аударуды қажет ететін мәселелер сараланды. Атап айтқанда, жаттығу сапасын арттыру, спорттық инфрақұрылым мен материалдық базаны жақсарту, спорт секцияларына балаларды көбірек тарту және жас спортшыларға қолдау көрсету мәселелері сөз болды.

Аудан әкімінің орынбасары ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше мән беру қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта тек жарыстар өткізумен шектелмей, ұлттық спортты балалар мен жастар арасында кеңінен насихаттап, тұрақты түрде айналысатын спортшылар қатарын көбейту міндеті қойылды.

Сонымен қатар, спорт клубтарының алдағы жұмыс жоспарын нақтылап, нәтижелі спортшыларды қолдау, талантты жастарды анықтау және олардың кәсіби деңгейін көтеруге бағытталған жұмысты күшейту тапсырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1292392?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді