Қарағанды облысында Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды облысының спортшылары VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бес медаль еншіледі. Болат Сапар самбодан чемпион атанып, алтын медаль иеленді. Ұлттық ойын – көкбөріден Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен Мирас Тақауиев күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал ордо (асық ату) сайысында Бақытжан Тілеуғабылов, самбодан Жандос Бейсенбаев және тоғызқұмалақтың бір түрі саналатын овари ойынында Ансаған Қожанәсіп қола медаль жеңіп алды.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жүлде алған спортшылармен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кездесті. Өңір басшысы спортшыларды айтулы жетістіктерімен құттықтап, оларға Алғыс хаттар мен сертификаттар табыстады.

– Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қарағандылық спортшылар қайсарлық пен табандылық танытып, жеңіске деген жігерін көрсетті. Бұл нәтиже – спортшылардың жеке жетістігі ғана емес, олардың жаттықтырушыларының, спорттың дамуына қолдау көрсетіп жүрген барша азаматтың және жанкүйерлердің ортақ еңбегінің жемісі. Ұлттық спорт түрлері өңірімізде әрдайым басым бағыттардың бірі болып келді және өзінің маңызын жойған емес, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі спортшыларға алдағы жарыстарда толағай табыс пен жаңа жеңістер тіледі.

Болат Сапар жеңісінің құрметіне Мемлекет басшысы табыстаған «Еңбек озаты» медалімен марапатталды.

– Спортпен айналысқаныма 16 жыл болды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына алғаш рет қатыстым. Жарыстың ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары болды. Барлық қарсыластарым мықты әрі лайықты спортшылар, дегенмен алтын медаль жеңіп алу маған бұйырды. Президент марапатты табыстаған сәтте ерекше толқыдым. Еңбегімді осылай жоғары бағалағандарыңызға рақмет. Келесі жарысым – әлем чемпионаты. Онда да алтын медаль жеңіп алғым келеді, – деді Болат Сапар.

Көкбөріден Қазақстан ұлттық құрамасының сапына Қарағанды облысының өкілі алғаш рет енді. Мирас Тақауиев ел құрамасының сапында өнер көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды.

– Бала кезімнен жылқыға әуеспін, көкпармен айналысқаныма бес жылдай болды. Бұл спорт түрінде көп нәрсе аттың шымырлығы мен күшіне, төзімділігіне байланысты. Осы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында екінші орын алдық, финалда Қырғызстан құрамасына есе жібердік. Келесі жолы алтын медаль алуға бар күшімізді саламыз, – дейді күміс жүлдегер.

Әрбір жеңістің артында спортшының табанды еңбегімен қатар, оны баптап, шеберлігін шыңдаған жаттықтырушысының күнделікті еңбегі де жатыр.

Қарағанды облысының самбодан аға жаттықтырушысы Дәурен Адамбаев қараша айында Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатына дайындықтың басталғанын хабарлады. Әлем біріншілігінде Қарағанды облысының намысын төрт спортшы қорғамақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1292992?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді