
Ақмола облысындағы тас жолда ерекше жағдай орын алды. Полиция қызметкерлері патрульдеу кезінде бірдей түсті және бір үлгідегі Shacman маркалы екі бірдей жүк көлігін байқады. Бірақ ең қызығы, екі көлікте де бірдей мемлекеттік тіркеу нөмірлері орнатылған.
Ақмола облысы ПД патрульдік полиция ротасының 1-ші взводының командирі полиция капитаны Жангелді Әлібековтың айтуынша, ол мұндай жағдайға алғаш рет тап болды.
Оқиға 15 қыркүйекте Астана-Қарағанды – Алматы автожолының 29-шы шақырымында орын алды. Полиция екі көлікті де тексеру үшін бірден тоқтатты.
Бірінші көлікті тексеру кезінде бұзушылықтар анықталған жоқ. Бірақ екінші көлікте күрделі мәселелер туындады.
Мемлекеттік тіркеу нөмірі көлік құралының VIN кодына сәйкес келмейтіні белгілі болды. Сонымен қатар, көлік мүлдем тіркелмеген.
Жүргізуші Астана тұрғыны болып шықты. Ол көліктің өзіне тиесілі емес екенін және ол тек жүргізуші ретінде жұмыс істейтінін айтып түсіндірді.
Тексеру барысында тіркелмеген автокөлікке жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі орнатылып, солай жүргені анықталды.
Осы факті бойынша сот өтті. Жүргізушіге үш күндік әкімшілік қамауға алу тағайындалды және бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.
Сондай-ақ, көлік иесіне қатысты жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін орнатқаны үшін әкімшілік материал жасалды.
Полицейлер жүргізушілерге жолға шықпас бұрын көліктің тіркелгенін және мемлекеттік тіркеу нөмірлері көлігіңізге сәйкес келетінін тексеру керектігін ескертеді. Бұл талаптарды бұзу үлкен жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-akmola/press/news/details/1293741?lang=ru

Жауап қалдыру