
М.Катаев ат. Оқушылар сарайының базасында Павлодар облысының жоғары сынып оқушыларын, колледж студенттерін және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Оқу орталығының курсанттарын бір алаңға біріктірген облыстық дебат турнирі өтті.
Іс-шара «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы, «Заң және тәртіп» идеологиясы және «Саналы ұрпақ» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Public Forum Debate форматында өткен пікірсайыста қатысушылар қауіпсіздік, жауапкершілік және қоғамдағы қарым-қатынасқа қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, ата-аналардың балаларының хат алмасуын бақылауы қажет пе, коменданттық сағат қаншалықты тиімді, құқық бұзушылыққа куә болған жағдайда қандай жауапкершілік туындайды және «нөлдік төзімділік» қағидаты нені білдіреді деген мәселелер ортаға салынды.
Дебат алаңында түрлі көзқарастар мен дәлелдер сараланып, қатысушылар қарсыластарының сұрақтарына жауап беріп, өз ұстанымдарын қорғады. Сонымен қатар мұқият тыңдау, нақты сұрақ қою және сенімді аргумент келтіру дағдыларын шыңдады.
Турнир қорытындысы бойынша басты кубоктардың иегерлері анықталып, сондай-ақ «Айқас сұрақ шебері» атағына таласқан қатысушылар өз шеберліктерін көрсетті.
Дебат турнирі жастардың ашық пікір алмасуына, сыни ойлауын, шешендік өнерін дамытуға және заң мен қоғамдық жауапкершілік мәселелеріне саналы көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік берген пікірталас алаңына айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1294203?lang=ru

Жауап қалдыру