
18 қыркүйекте Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрында Алматының Қала күніне орай «Алматының алмасы» спектаклінің премьерасы өтті.
Туынды театрдың 91-маусымының ашылуы аясында ұйымдастырылған «Премьералар апталығы» жобасының соңғы премьерасы болды.
Қойылымда Алатаудың бөктерінде көне дәуірлерден бері өсіп тұрған алып алма ағашы куә болған тағылымды әрі таңғажайып оқиғалар көрініс тапты.
Сюжет бойынша кішкентай Айлин мен Нурик ойнап жүріп түрлі жағдайға тап болады. Ал Қария немерелері одан сабақ алсын деген ниетпен алма ағашы куә болған аңыздарды айтып отырады. Бұл аңыздар спектакльде көлеңкелі театр элементтері арқылы көрсетіліп, оқиғалардың өзі алма ағашының даусымен баяндалады.
Спектакльде зұлым айдаһармен күрескен домбырашы батырдың хикаясы, Верный бекінісі тұсындағы Сиверс алмасының жергілікті алма ағашымен будандасу тарихы, көне дәуірдегі Алтын адамға қатысты аңыз, жоңғар шапқыншылығы кезіндегі батырдың басынан кешкен оқиғасы, Майқы бидің саяхатшы саудагерлермен сұхбаты қамтылған. Бұдан бөлек, Алматы тарихының әр кезеңіне қатысты шағын сюжеттер де ұсынылады.
Осы түрлі дәуірлер мен аңыздарды тоғыстырып тұрған негізгі бейне – алып алма ағашы. Спектакльде ол жай ғана табиғат нысаны емес, уақыттың үнін сақтаған тірі шежіре ретінде көрінеді. Оның тамыры өткенге бойлап, бұтақтары бүгінгі күнге ұласады. Ал жемісі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ортақ мәдени жадтың символына айналады. Ағаш куә болған оқиғалар Алматының әр кезеңімен сабақтасып, қаланың өзгерген келбетін және ұрпақтар арасындағы рухани байланысты көрсетеді.
«Біздің басты кейіпкеріміз – Алматының тарихын бойына сіңірген байырғы алма ағашы. Қойылымның форматы да ерекше. Бір сағатқа жуық туынды бірнеше шағын оқиғадан тұрады. Біз көрерменді қаланың көне кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихымен таныстыруды мақсат еттік», – деді спектакль режиссері Григорий Лайко.
«Алматының алмасы» спектаклінде алма қала атауымен біте қайнасқан маңызды символ ретінде көрсетіледі. Ол дастарқанның ырысы, халықты жақындастыратын дәнекер, көңілге жұбаныш сыйлайтын мейірімнің белгісі әрі шабыт беретін табиғи күш ретінде бейнеленген. Осы бейне арқылы спектакль Алматының мәдени келбетін, қала тұрғындарының тарихи жадын және туған жерге деген сүйіспеншілігін танытады.
Сонымен қатар, туынды табиғатты аялау, ағашты күтіп-баптау және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау идеясын көтереді.
Тағылымды аңыздарды тыңдаған балалар өткенді танып қана қоймай, туған қаласының болашағына жауапкершілікпен қараудың маңызын түсінді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-madeniet/press/news/details/1294826?lang=ru

Жауап қалдыру