
ШҚО ТЖД мамандары пешпен жылытылатын үйлерде тұратын жалғызбасты қарт адамдардың, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көміртегі тотығының датчиктерін орнатуда.
Күн суытқан кезде жеке секторда пешпен жылыту жүйесіне түсетін жүктеме дәстүрлі түрде артады. Мұның салдарынан мұржаның ақаулығы, пеш қалауының жарылуы немесе пештің жапқышын жабу кезінде жіберілген қарапайым немқұрайлылық орны толмас зардаптарға әкелуі мүмкін.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында осындай 700 датчиктер орнатылды. Олар көміртегі тотығының (иіс газының) бөлінуін және түтінденуді бастапқы кезеңінде дер кезінде анықтап, тиісті шара қабылдауға және жазатайым оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.
«Датчиктерді орнату – ауқымды профилактикалық жұмыстың бір бөлігі ғана. Рейдтер барысында өрт инспекторлары мен энергетикалық компаниялардың мамандары үйлердегі электр сымдарының ақауларын жөндеуге және жоюға да көмектеседі. Волонтерлер мен әкімдік қызметкерлері құтқарушылармен бірге маңызды профилактикалық іс-шаралар мен рейдтерге қатысуда. Олардың нәтижесінде бүгінде 10 мыңнан астам тұрғын үй қамтылып, алдағы жылыту кезеңі қарсаңында азаматтарға қауіпсіздік шаралары түсіндірілді», – деді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Енсегенов.
Құтқарушылар жеке сектордың барлық тұрғындарына ескертеді: үй қауіпсіздігі әр адамның жауапкершілігінен басталады. Жарықтары бар немесе ақаулы пештерді пайдаланбаңыз, пеш алдына темір қаңылтыр орнатыңыз, мұржаларды тұрақты түрде тазалап тұрыңыз. Пеш жағу кезінде оны қараусыз қалдыруға немесе бақылауды балаларға тапсыруға тыйым салынады.
Көміртегі тотығының датчигін орнатыңыз. Бұл шағын құрылғының бағасы қымбат емес, алайда оның құндылығы адам өмірін сақтаумен өлшенеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-vko/press/news/details/1298183?lang=ru

Жауап қалдыру