
Қазақстанда дәрілік заттардың шекті бағасын қалыптастырудың жаңа тәсілдері мемлекеттік баға реттеуіне жататын дәрілік препараттардың едәуір бөлігінің құнына әсер етті. 2025 жылғы шекті бағаларды 2024 жылдың соңында бекітілген қолданыстағы бағалармен салыстырмалы талдау нәтижесі бойынша бағаның төмендеуі дәрілік заттардың 3 801 сауда атауын немесе жалпы санының 76%-ын қамтыды. Осы позициялар бойынша бағалар орта есеппен 26,5%-ға төмендеді, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
Тағы 947 позиция бойынша баға өзгерген жоқ, ал тізбе 246 жаңа позициямен толықтырылды.
2026 жылы дәрілік заттарды көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін 2 055 препарат бойынша жаңа бағалар бекітілді: бағалар 16%-ға төмендеді, бекітілген шекті бағалардың жартысында өзгеріс болған жоқ, ал 169 позиция жаңа болып енгізілді.
Өзгерістер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде берілетін дәрілік заттарға да қатысты. Жаңа шекті бағалар бойынша 1 397 сауда атауының немесе 47,8%-ының бағасы орта есеппен 22,45%-ға төмендеді.
Сонымен қатар ТМККК және МӘМС шеңберіндегі дәрілік заттардың халықаралық патенттелмеген атаулары бойынша шекті бағалар қайта қаралды. 453 позиция немесе 40,5% бойынша бағаның төмендеуі тіркеліп, орташа төмендеу 25,3%-ды құрады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, алынған нәтижелер шекті бағаларды қалыптастыру тәсілдерін кешенді қайта қараумен байланысты.
«Баға белгілеу әдістемесіне енгізілген өзгерістер, ең алдымен, бағаны қалыптастыру процесінің ашықтығын арттыруға бағытталған. Бүгінде өндіруші мәлімдеген құн құжаттармен расталып, референттік елдердегі бағалармен салыстырылады. Бұл ретте ең төменгі үш бағаның орташа мәні пайдаланылады, ал деректер халықаралық ақпарат көздерінен алынған мәліметтермен қосымша расталады. Мұндай тәсіл дәрілік заттың мәлімделген құнын неғұрлым объективті бағалауға және шекті бағаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Бауыржан Жүсіпов.
Қазіргі таңда бағаны тіркеу үшін өндіруші немесе оның өкілі мемлекеттік сараптама ұйымына өтініш пен зауыт бағасын растайтын құжаттарды, оның ішінде шартты, инвойсты, кедендік декларацияны және референттік елдердегі бағалар туралы мәліметтерді ұсынады.
Қазіргі уақытта Қазақстанның референттік себетіне 10 ел: Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Венгрия, Қырғызстан, Польша, Ресей, Словения, Түркия және Өзбекстан кіреді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-belozer/press/news/details/1299821?lang=ru

Жауап қалдыру