Қазақстанның Бас Прокуроры Қазан қаласында өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер бас прокурорларының 24-ші отырысына қатысты

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Бүгін Қазан қаласында Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің бас прокурорларының 24-ші отырысына қатысты.

Іс-шараға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер – Беларусь, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан прокуратураларының басшылары, сондай-ақ ШЫҰ-ның бақылаушы мемлекеттері мен диалог бойынша әріптестері – Әзербайжан, Лаос, Мальдив, Моңғолия, Мьянма, Непал, Сауд Арабиясы, Түркия және Шри-Ланка бас прокурорлары мен өкілдері қатысты.

ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев құттықтау сөзінде мүше мемлекеттердің бас прокуратураларының өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі бірлескен жұмысының маңызды рөлін атап өтіп, ортақ сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл мен күш-жігерді одан әрі біріктіруге шақырды.

Отырыстың күн тәртібі отбасы мен балаларды қорғау, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасында деструктивті контенттің таралуының алдын алу мәселесіне арналды.

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры өз сөзінде мемлекеттік саясатта маңызды орын алатын жастарды қолдау бағытында елімізде қабылданып жатқан шараларды атап өтті.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және балалардың қауіпсіздігі мәселелерін қамтитын 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданғанын жеткізді.

Заңнамалық деңгейде әйелдер мен балаларды қорғау, буллинг пен кәмелетке толмағандарға қатысты өзге де құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу шаралары күшейтілді. Балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән берілді.

Құқыққа қайшы контентті анықтауға және бұғаттауға мүмкіндік беретін «Кибернадзор» жүйесінің жұмысы, қажетсіз контентті сүзгілеу функциясы бар балаларға арналған SIM-карталардың енгізілуі, сондай-ақ ЮНИСЕФ-пен бірлесіп іске асырылып жатқан балалар мен ата-аналарды интернеттегі қауіпсіз мінез-құлыққа үйретуге арналған «Кибер Тұмар» жобасы туралы айтты.

Сонымен қатар Қазақстанның Бас Прокуроры әріптестеріне цифрлық қауіптер туралы ақпарат алмасуды күшейтуді, құқыққа қайшы контентті анықтаудың бірлескен технологиялық тәсілдерін дамытуды, сондай-ақ жаһандық цифрлық платформалармен ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің прокуратура органдары арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын бекітетін Хаттамаға қол қойды.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuror/press/news/details/1303408?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді