ALT University-дің 95 жылдығы: Алматыда көліктегі қауіпсіздік және цифрландыру мәселелеріне арналған VII Еуразиялық форум өтті

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

ALT University-дің 95 жылдығы: Алматыда көліктегі қауіпсіздік және цифрландыру мәселелеріне арналған VII Еуразиялық форум өтті

Алматы қаласындағы Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT University-де көліктегі қауіпсіздік және цифрландыру мәселелеріне арналған VII Еуразиялық форум өтті. Университеттің 95 жылдығына орай ұйымдастырылған ауқымды іс-шара мемлекеттік органдардың, теміржол және көлік компанияларының, ғылыми қауымдастықтың, бизнес пен технологиялық ұйымдардың өкілдерін бір алаңға жинады.

Форум барысында көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігі, теміржол саласын цифрлық трансформациялау, заманауи технологияларды енгізу және жаңа буын инженерлерін даярлау мәселелері талқыланды. Білім беру мен өндірістің өзара ықпалдастығына ерекше назар аударылды. Іс-шараның маңызды оқиғаларының бірі – студенттердің практикалық даярлығын дамытуға бағытталған жаңа оқу нысандарының ашылуы болды.

Университет тарихында алғаш рет «Теміржол инфрақұрылымы» оқу полигоны іске қосылды. Мұнда студенттер теміржол инфрақұрылымының құрылымы мен пайдалану ерекшеліктерін зерделеп, нақты өндірістік ортаға барынша жақын жағдайда практикалық дағдыларын жетілдіре алады. Сонымен қатар теміржол саласының еңбек сіңірген маманы, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған саладағы алғашқы маман, теміржол саласының дамуына елеулі үлес қосқан Қалтай Самбетов атындағы микропроцессорлық орталықтандыру жүйелері зертханасы ашылды. Тағы бір жаңа нысан – теміржол саласының ардагері, салаға еңбегі сіңген маман, Орталық Азия логистика, көлік және сауда қауымдастығының (CALTA) Бас хатшысы Болатбек Дүйсемалиев атындағы зертхана. Зертхана вагондар мен контейнерлердің қозғалысын бақылауға, тасымалдарды басқаруға, терминалдардың жұмысын бақылауға және теміржол тарифтерін есептеуге арналған бағдарламалық шешімдермен жабдықталған. Бұл студенттерге заманауи көлік логистикасында қолданылатын цифрлық құралдарды тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік береді.

ALT University ректоры Меруерт Жармағамбетова өз сөзінде университеттің 95 жыл ішінде инженерлердің бірнеше буынын даярлағанын атап өтті. Олардың көпшілігі бүгінде көлік саласында басшылық қызметтер атқарып келеді. Оның айтуынша, теміржол инфрақұрылымын жаңғырту және цифрлық технологияларды енгізу жағдайында заманауи автоматтандыру және басқару жүйелерімен жұмыс істей алатын мамандарды даярлаудың маңызы артып отыр.

«Бүгінде теміржол саласының алдында ауқымы мүлде жаңа міндеттер тұр. Инфрақұрылымның дамуы мен заманауи технологиялардың енгізілуімен жаңа буын инженерлеріне деген қажеттілік те артып келеді. Біздің міндетіміз – қауіпсіздікті жай ғана кәсіби талап емес, мәдениет әрі жеке жауапкершілік ретінде қабылдайтын мамандарды даярлау. Сондықтан біз нақты өндірістік процестерді білім беру ортасына интеграциялауға және студенттердің практикалық даярлығына қажетті жағдай жасауға ұмтыламыз», – деді ректор.

Іскерлік бағдарламаның жалғасы ретінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ұйымдастырып, ALT University қолдау көрсеткен KTZ-ALT Innovation студенттік хакатоны өтті. Байқауға Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент және Ақтау қалаларынан 43 команда, 170-тен астам студент қатысты.

Қатысушылар 24 сағат ішінде ҚТЖ-ның «Цифрлық станция» және «Автодиспетчер» атты нақты кейстері бойынша жұмыс істеді. Бұл кейстер теміржол инфрақұрылымын басқаруды жетілдіруге және станциялар арасындағы учаскелердегі жұмыстарды үйлестіруге бағытталды. Тәлімгерлердің қолдауымен студенттер цифрлық шешімдер мен жұмыс істейтін прототиптер әзірлеп, оларды сарапшылар алқасына ұсынды. Байқаудың финалына 16 команда өтті.

Бірінші орынды Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің SULU (SU Logistics United) командасы және М.Тынышпаев атындағы ALT Шымкент колледжінің «Шаңырақ» командасы бөлісті. Екінші орынға Beseu (ALT University) және NOVA (Алматы технологиялық университеті) командалары ие болды. Үшінші орын Insomnia (Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті) және LogWay (Қазақстан-Неміс университеті) командаларына берілді. Өз әзірлемелерін таныстырған өзге қатысушылар қатарында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Алматы энергетика және байланыс университетінің және «Тұран» университетінің командалары болды. Хакатонның жалпы жүлде қоры 2,5 млн теңгені құрады.

Форум аясында көлік-логистика саласындағы инновациялық шешімдердің көрмесі де ұйымдастырылды. Көрме барысында қатысушылар тасымалдардың қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи технологиялармен танысты. Форум, жаңа білім беру нысандарының ашылуы және хакатон білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған кең ауқымды бастаманың бөлігі болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1307377?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді