
Қостанай облысындағы шаруа қожалығының жетекшісі Гүлнара Қуанышбаева Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) тағайындайтын халықаралық сыйлықтың иегері атанды. Оның көп жылғы еңбегі, туған жерге деген адалдығы мен Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі әлемдік деңгейде мойындалды. Әлемнің 131 елінен ұсынылған 600-ден астам үміткердің арасынан Гүлнараның өмір жолы бүгінгі қазақ ауылы мақтан тұтатын өнегелі оқиғалардың біріне айналды.
Гүлнара Қуанышбаева үшін бұл марапат жай ғана сыйлық емес. Бұл – күн сайын жермен етене еңбек етіп, өз шаруашылығының болашағын ойлап, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосып жүрген жандардың көп жылғы еңбегіне берілген баға.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры Цюй Дунъюй қазақстандық шаруаға арнайы құттықтау жолдап, марапатты табыстау рәсіміне қатысу үшін Рим қаласындағы ұйымның бас кеңсесіне шақырды. Салтанатты шара 2026 жылғы 12–16 қазан аралығында өтетін Дүниежүзілік азық-түлік апталығы аясында ұйымдастырылады.
ФАО басшысы өзінің құттықтау хатында Гүлнара Қуанышбаеваның көшбасшылық қасиетін, өз ісіне адалдығын және ауылдық аумақтарды дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өткен.
«Сіз өз еңбегіңізбен әйелдердің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндіру жүйесін қалай өзгертетінін, ауыл тұрғындарының тұрмысын қалай жақсартатынын, табиғи байлықтарды қалай қорғайтынын, жергілікті қауымдастықтардың мүмкіндіктерін қалай кеңейтетінін және келер ұрпаққа жаңа жол ашатынын көрсеттіңіз», – делінген Цюй Дунъюйдің шақыру хатында.
Сонымен қатар ол шаруа әйелге көп жылғы табанды еңбегі, қажыр-қайраты және нақты нәтижеге жетуге деген ұмтылысы үшін алғыс білдірген. «ФАО-ның 100 қаһарман әйелі: әйелдердің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндіру жүйесін өзгертуге және ауылдық аумақтарды дамытуға қосқан үлесі» бастамасы 2026 жылғы Халықаралық шаруа әйел жылы аясындағы маңызды оқиғалардың біріне айналды.
Гүлнара Қуанышбаеваның еңбек жолы – алға қойған мақсатына біртіндеп жетіп, жауапкершіліктен қорықпай, ауыл шаруашылығының мүмкіндігіне сенген жанның өнегелі өмір тарихы.
Білімі бойынша ол экономист әрі заңгер. Еңбек жолын кеңшарда есепші болып бастаған. Кейін өз ісін ашуға бел буады. 2007 жылы Гүлнара Сағымбайқызы шаруа қожалығын құрып, содан бері бар күш-жігерін, уақытын осы істің өркендеуіне арнап келеді.
Бүгінде шаруашылықтың жер көлемі 3 мың гектардан асады. Мұнда өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірушілеріне сапалы мал азығы дайындалады. Сондай-ақ ірі қара өсіріліп, бордақыланады, сиыр етін өндіру ісі дамып келеді.
Осы жұмыстардың әрқайсысының артында күнделікті тынымсыз еңбек жатыр. Жерді күтіп-баптау, малға қарау, әріптестер алдындағы жауапкершілік пен істің ертеңіне деген сенім – шаруашылықтың берік негізі.
Гүлнара Қуанышбаева мал азығы қорын қалыптастыруға айрықша мән береді. Өйткені оның пікірінше, мал шаруашылығының табысты болуы ең алдымен сапалы жемшөпке байланысты. Саланы тұрақты дамыту үшін құнарлы мал азығы, ғылыми негізделген тәсілдер және болашақты көздейтін байыпты шешімдер қажет.
Шаруа әйел мамандандырылған Мал азығы корпорациясын құрып, мал азығын дайындауда ғылымға негізделген заманауи әдістерді енгізуді қолдайды. Оның пайымдауынша, мұндай қадам мал шаруашылығын нығайтып, Қазақстан тұрғындарын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Өмірдегі ұстанымым – қандай іске кіріссем де, жақсы нәтижеге жетуге ұмтылу. Өйткені қиындық пен сынақ қайратты жандарға беріледі», – дейді Гүлнара Сағымбайқызы.
Бұл сөздер оның еңбекке деген көзқарасын айқын аңғартады. Дәл осы ұстаным оған үнемі алға ұмтылуға, жаңа бағыттарды игеруге және қол жеткен жетістікпен шектелмеуге күш береді.
Бүгінде Гүлнара Қуанышбаева қолданыстағы шаруашылықты өркендетіп қана қоймай, оның келешектегі өсуіне де негіз қалап отыр.
2025 жылы ол 400 сиырға арналған сүт фермасын салу жобасы бойынша жеңілдетілген несие алуға өтінім берген. 2026 жылы жоба Солтүстік Қазақстан облысының озық тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында қолдау тауып, сәуір айында құрылыс жұмыстары басталды. Ал қараша айында 400 бас қашар әкелу жоспарланған.
Жаңа жоба шаруашылықтың ауқымын кеңейтіп, сүтті мал шаруашылығын одан әрі дамытуға жол ашады. Гүлнара Сағымбайқызы үшін бұл – көп жылғы тәжірибе мен еңбектің, ауыл шаруашылығының болашағына деген сенімнің нәтижесінде жасалған тағы бір маңызды қадам.
Кәсіби шеберлігі, адал еңбегі, белсенді өмірлік ұстанымы және агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін Гүлнара Қуанышбаева Алтынсарин ауданының тұрғындары мен күллі Қостанай облысының жұртшылығы арасында зор құрметке ие.
Халықаралық деңгейдегі бұл марапат – Гүлнара Қуанышбаеваның ел ішінде мойындалған еңбегінің заңды жалғасы. Ол 2021 жылы-ақ «Қазақстанның ауылдық жерлеріндегі әйелдердің 100 табыс тарихы» жобасының кейіпкерлері қатарына енген болатын. Сол кезде оның тәжірибесі ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту, ауылдық аумақтардың өркендеуіне үлес қосу және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бағытындағы әйелдер көшбасшылығының жарқын үлгісі ретінде бағаланған.
Енді оның өнегелі жолы әлемдік деңгейде танылып отыр. Қазақстандық шаруа әйелдің жетістігінің артында жеке табыспен қатар, жермен жұмыс істейтін жандардың маңдай тері, ауыл жұртының ауызбіршілігі және сүйікті ісіне адал адамдардың зор мүмкіндігі жатыр.
Гүлнара Қуанышбаеваның өмір жолы үлкен өзгерістердің көбіне кішкентай қадамнан басталатынына нақты дәлел. Ол – туған жерге деген сүйіспеншілік, өз ісіне жауапкершілікпен қарау және айналаңдағы өмірді жақсартуға деген ұмтылыс. Осындай жандардың арқасында қазақ ауылы көркейіп, елдің азық-түлік қауіпсіздігі нығайып, болашаққа деген сенім беки түседі.
Енді Қостанай облысынан шыққан еңбекқор әйелдің есімі Қазақстаннан шет елдерге де таныла бастады. Бұл бүкіл еліміз үшін зор мақтаныш.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1308989?lang=ru

Жауап қалдыру