Қазақ жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сайын Мұратбековтің туғанына 90 жыл толуына орай «Сайын салған сырлы әлем» атты облыстық байқау өтті

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Жетісу облысының С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында көрнекті жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сайын Мұратбековтің туғанына 90 жыл толуына орай «Сайын салған сырлы әлем» атты облыстық байқау өтті.

Қазақ прозасында сыршыл баяндау мәнерімен, адам жанының терең иірімдерін шынайы бейнелеуімен ерекшеленетін Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», «Жабайы алма», «Анамның арманы» сынды шығармалары оқырман жүрегінен ерекше орын алған. Жазушының бай әдеби мұрасын насихаттап, жас ұрпақтың көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылды.

Байқаудың бірінші кезеңі «Анамның арманы» шығармасына арналды. Бұл кезеңде қатысушылар жазушының аталған әңгімесінен ұсынылған үзіндіні өз бетінше жалғастырып, мәтінді мәнерлеп оқу, дауыс ырғағын сақтау, сахналық мәдениет пен шығарманың мазмұнын көркем жеткізу шеберліктерін көрсетті.

Ал екінші кезең «Оқырманның жүрек қылын дәл басқан Сайын…» деп аталды. Қатысушылар «Жабайы алма» және «Жусан иісі» повестері бойынша қойылған сұрақтарға жауап беріп, жазушы шығармаларын терең түсінетіндіктерін, әдеби білімдері мен таным деңгейлерін танытты.

Байқауға қатысушылардың білімі мен өнерін жазушының қарындасы Майра Мұратбекқызы бастаған, әдебиет пен мәдениет саласының өкілдерінен құралған қазылар алқасы саралап, әділ бағасын берді.

Байқау қорытындысы бойынша Панфилов ауданынан қатысқан Айзере Құрманғазы І орынға, Ақсу ауданынан Санжар Нұрланұлы ІІ орынға, ал Көксу ауданынан Айсұлтан Отарбай ІІІ орынға ие болды. Үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрініп, арнайы марапаттарға ие болды.

«Сайын салған сырлы әлем» облыстық байқауы – жас ұрпақты қазақ әдебиетінің асыл мұрасымен сусындатып, көркем сөздің құдіретін танытуға және жазушы шығармалары арқылы ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымы мол әдеби шара болды.

 

 

 

 

 

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1310411?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді