
Жедел ішек инфекциялары — бактериялар мен вирустар арқылы туындайтын және көбінесе ластанған азық-түлік, су, лас қолдар мен тұрмыстық заттар арқылы таралатын аурулар тобы.
Аурудың жасырын кезеңі 6 сағаттан 2 тәулікке дейін созылуы мүмкін. Ең жиі кездесетін қоздырғыштарға сальмонеллалар, шигеллалар (дизентерия қоздырғыштары), ротавирустар мен энтеровирустар жатады. Ішек инфекцияларына 5 жасқа дейінгі балалар, егде жастағы адамдар, асқазан-ішек жолдарының созылмалы аурулары бар тұлғалар және иммунитеті әлсіреген азаматтар аса бейім келеді.
Жұқтырудың алдын алу үшін қарапайым профилактикалық шараларды сақтау қажет: азық-түлік өнімдерінің жарамдылық мерзімін мұқият тексеру, көкөністер мен жемістерді ағын сумен жақсылап жуу, бұзылу белгілері бар өнімдерді тұтынбау, тағамды сақтау талаптарын сақтау және дайын тағамдарды бөлме температурасында екі сағаттан артық қалдырмау.
Тамақ ішер алдында тағамды мұқият қыздыру, сондай-ақ шикі және дайын өнімдердің жанасуына жол бермеу ұсынылады. Жеке бас гигиенасына ерекше көңіл бөлу қажет — тамақтанар алдында, дәретханаға барғаннан кейін және ас дайындау кезінде қолды сабынмен үнемі жуу керек.
Азық-түлікті жәндіктер мен кеміргіштерден қорғау маңызды. Ішуге және ас дайындауға тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану, ашық су көздерінен су ішпеу және тек арнайы жабдықталған орындарда шомылу, судың ауызға түсуінен сақтану қажет.
Қарапайым профилактикалық шараларды сақтау денсаулықты қорғауға және жедел ішек инфекцияларының таралуының алдын алуға мүмкіндік береді. Аурудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда уақытылы медициналық көмекке жүгіну қажет.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ksek/press/news/details/1225252?lang=ru

Жауап қалдыру