
Афина, 2026 жылғы 11 тамыз – Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин «AEGEAN Airlines» грек әуе компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы Эфтихиос Василакиспен кездесті.
Кездесу барысында тараптар азаматтық авиация саласындағы Қазақстан-Грекия ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Елші сұхбаттасына Қазақстанның авиация саласының даму қарқыны, әуежай инфрақұрылымын жаңғырту, ішкі және халықаралық әуе рейстері географиясының кеңеюі, сондай-ақ Қазақстан нарығында шетелдік әуе тасымалдаушыларының қатысуының артуы туралы хабардар етті.
Осы тұрғыда Қазақстан тарапының грек әуе компанияларымен өзара іс-қимылды дамытуға дайын екені атап өтілді. Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы әуе қатынастарының кейбір аспектілері туралы келісімге қол қойылғанын, сондай-ақ визалық режимді одан әрі жеңілдету жөніндегі жүргізіліп жатқан жұмысты ескере отырып, Қазақстан мен Грекия арасындағы әуе қатынасын кеңейтудің келешегі зор екені атап көрсетілді. Аталған шаралар жолаушылар ағынының өсуіне және туристік әрі іскерлік байланыстарды кеңейту үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді деп күтілуде.
Туристік байланыстарды дамытуға ерекше назар аударылды. Шетелдік туристер тарапынан Қазақстанға және Орталық Азияға қызығушылықтың артып келе жатқаны атап өтілді. Осыған байланысты тараптар әуе қатынасын кеңейту өзара туристік ағындарды ұлғайтуға, іскерлік байланыстарды жандандыруға, сондай-ақ гуманитарлық және адамдар арасындағы қатынастарды нығайтуға қосымша серпін бере алатынын атап өтті.
Эфтихиос Василакис ауекомпанияның жаңа халықаралық бағыттарды, оның ішінде Азия елдеріндегі бағыттарды зерделеу және дамыту жөніндегі жұмысы туралы хабарлады. Осы тұрғыда ол «AEGEAN Airlines» компаниясының Қазақстанмен әуе қатынасын дамытудың мүмкіндіктерін перспективалы бағыттардың бірі ретінде зерделеуге мүдделі екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Грекия арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселелері бойынша жұмыс байланыстары мен ақпарат алмасуды жалғастыруға уағдаласты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-athens/press/news/details/1272533?lang=ru

Жауап қалдыру