
26-28 қыркүйек күндері Түркістан қаласында Turkistan Brand Craft Fair 2026 халықаралық қолөнершілер жəне экологиялық өнімдер жəрмеңкесі өтеді. Бұл жай ғана көрме емес. Мақсат – қолөнерді, кəсіпкерлікті, туризмді, креативті индустрияны жəне халықаралық ынтымақтастықты бір алаңда тоғыстыратын жаңа форматтағы халықаралық платформа қалыптастыру.
Жəрмеңкеге Қазақстанның барлық өңірлерінен жəне шетел мемлекеттерінен 200-ге жуық шебердің қатысуы жоспарланып отыр. Олар керамика, ағаш, былғары, металл, киіз жəне тоқыма бұйымдарын, ұлттық жəне дизайнерлік киімдерді, зергерлік өнімдерді, авторлық кəдесыйларды, табиғи жəне экологиялық өнімдерді ұсынады.
Turkistan Brand бастамасының негізгі идеясы: ШЕБЕР → ӨНІМ → ДИЗАЙН → БРЕНД → САТЫЛЫМ → ЭКСПОРТ.
Қазақстанда ерекше өнім жасайтын талантты шеберлер көп. Бірақ олардың барлығында заманауи қаптама, маркетинг, цифрлық ілгерілету жəне жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігі бірдей емес. Сондықтан біздің міндетіміз – қолөнерді тек сақтау емес, оны бəсекеге қабілетті өнім мен брендке айналдыру.
Craft Fair классикалық көрме форматынан ерекшеленеді. Қатысушы өнімін тек көрсетіп қоймай, оны сатып, жаңа тұтынушылар мен серіктестер табуы тиіс. Келушілер өнімді тікелей шеберден сатып алады.
Халықаралаық жəрмеңкенің биылғы жылғы өте керемет ерекшелігі бар. «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасымен бірігіп, республикалық «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері Түркістанға шақырылады.
Бұл – ауылдық жерлердегі өндірушілер үшін өз өнімін үлкен аудиторияға, туристерге жəне бизнес өкілдеріне таныстыру мүмкіндігі.
Сонымен бірге, 26 қыркүйекте жəрмеңке аясында «Business Tourism Trend Forum» форумы өтеді. Мұнда өндірушілер, туроператорлар, кəсіпкерлер, сатып алушылар, дистрибьюторлар жəне əлеуетті серіктестер бір алаңда кездеседі. Негізгі міндет – B2B байланыстарға, жаңа өткізу арналарына жəне нақты бірлескен жобаларға жағдай жасау.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1297982?lang=ru

Жауап қалдыру