
Ауылын жырлаған ақын
Жаңақала жерінде өз заманында талайдың ауызында жүрсе де танылмаған немесе тасада қалған таланттар қаншама? Бүгінгі күн, бақытымызға орай сондай талантты ақын болып ұрпақтарының ұлықтауымен, замандастарының ұмытпауымен аз да болса мұрасы қалған Жүсіпкерей Таңатарұлына арналды.
2025 жылдың 14 мамыр күні «Рухани орталық» ғимаратының мәжіліс залында аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен айтыскер ақын Жүсіпкерей Таңатарұлына арналған «Ауылын жырлаған ақын» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Кітап қарапайым ауыл азаматы, облыстық, аудандық ақындар айтысына қатысып, жүлдеді орындарға ие болған ақын туралы көз көрген замандастары, туыстары, перзенттері Жүсіпкерей Таңатарұлы туралы сыр шертеді. Кітап қалың оқырманға арналған. Кештің ашылуында жерлес айтыскер ақындар туралы көрме мен кеш иесіне арналған бейнебаян көрсетілді.
Шараға аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы қатысып, тұсауы кесілгелі тұрған кітапқа “Құтты болсын” айтқан соң, аталмыш кітапты құрастырушы ақын Закария Жүсіпқалиұлы мен замандасы Төлеуғали Мерғалиұлы кітаптың лентасын салтанатты түрде қиды. Закария Сисенғали кітаптың деректері мен естеліктерінің қалай жиналғаны туралы айтып өтсе, замандасы Төлеуғали Мерғалиев ақын туралы естеліктер айтты. Замандастары мен ақын ұрпақтары қатысқан шарада ақынның ауданымызға облыстық ауыспалы Қызыл ту тапсыру салтанатында шығарған арнауын кітапханашылар Райгүл Дәуімқызы мен Саят Ермекқызы оқып берді. Көз көрген замандастары Құмарғали Қайыржанов, Жансұлу Қожанова, Жұмазия Қажиденқызы ақындығы мен азаматтық болмысын сөз етті. Тағылымы мол кеште қазақтың қара домбырасымен өсиет өлең айтылып, домбырадан күмбірлете күй төгілді. Ақындық қанмен берілетінін көрсетіп, жиені Айша Теңелқызы атасына арнап шығарған өлеңін оқып, өнерін паш етті. Әдеби сазды кеш қорытындысында барша ұрпақтары ел алдына шығып, ұйымдастырушылар мен кітаптың шығуын мұрындық болғандарға алғысын айтып, естелік суретке түсумен аяқталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-zhangala/press/news/details/995855?lang=kk
Жауап қалдыру