
Осы өзекті мәселелерге Ақмола облыстық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы арналды. Шақырылған спикерлер қатарында облыстық білім беру, денсаулық сақтау, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының өкілдері, сондай-ақ депутаттар мен қоғам өкілдері болды.
Отырыста Ақмола облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Сәуле Садвакасова баяндама жасады. Өз сөзінде ол өңірдегі білім беру және сауықтыру ұйымдарында санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан іс-шаралар кешеніне кеңінен тоқталды.
Сәуле Садвакасованың айтуынша, жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету санитариялық нормалардың қатаң сақталуына және жұқпалы аурулардың алдын алудың уақтылы жүргізілуіне тікелей байланысты. Атап айтқанда, қауіпсіз тамақтануды ұйымдастыру, тұрмыс және демалыс жағдайларының санитариялық талаптарға сәйкестігі, ауыз судың сапасы сияқты мәселелерге ерекше көңіл бөлінуде.
Отырыс соңында комиссия мүшелері мен шақырылған сарапшылар жазғы кезеңге жүйелі және алдын ала дайындықтың маңыздылығын атап өтті. Талқылау қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдар мен білім беру ұйымдарының басшыларына нақты ұсыныстар әзірленді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/995660?lang=kk
Жауап қалдыру